
Жаңалықтар
NIS тамыз конференциясы: мотивация, құндылықтар және SEL – заманауи білім берудің тірегі

21 тамыз 2025
Дәстүрге айналған Тамыз конференциясы биыл да Назарбаев Зияткерлік мектептерінің директорлары мен педагогтерін ортақ алаңда тоғыстырды. Жиында заманауи білім берудегі өзекті бағыттар сөз болып, ішкі мотивация, құндылықтар жүйесі және әлеуметтік-эмоциялық оқыту (SEL) негізгі тақырыпқа айналды.
Бұл жылғы бағдарламада ерекше орын алғаны сессия «Іс-әрекеттегі құндылықтар» моделі» деп аталды. Бұл алаңда директорлар, мұғалімдер, оқушылар, түлектер мен ата-аналар бас қосып, құжатты төрт фокус-топта талқылады. Әр тарап өз ұсынысын білдіріп, түзетулер енгізді. Соның нәтижесінде мектеп, отбасы және қоғамның оқушыны тәрбиелеу мен дамытудағы ортақ жауапкершілігін және ұстанымдардың бірлігін бейнелейтін келісілген Модель қабылданды.
Ал «Оқытудағы құндылықтар» атты сессияда педагогтер құндылықтарды сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларға кіріктірудің оқушыларда сыни ойлау, отансүйгіштік және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға қалай ықпал ететіні жөнінде ой бөлісті. Қатысушыларға сабақ үлгілерінен бейнероликтер көрсетіліп, одан кейін талқылау ашық диалог форматына ұласты. Мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстар білдіріп, құндылықтарды білім беру үдерісінде тиімді жеткізудің нақты жолдарын қарастырды.
«Ustart academy» басшысы әрі педагог-тренер Ескендір Бестай өз сөзінде мотивация мәселесіне ерекше назар аударды. Спикер дәстүрлі жазалау мен мадақтау тәсілдері тек қысқа мерзімді нәтиже беретінін және оқушы тұлғасының тұрақты дамуын қамтамасыз етпейтінін атап өтті. Оқушының жан-жақты дамуы үшін ішкі мотивацияны қалыптастырудың маңызы зор екенін жеткізген ол, бұл мақсатқа жетудің жолы – оқушыларға дербестік беру, өз жетістігін бақылауға мүмкіндік жасау және оқу үдерісінің түпкі мақсатын саналы түрде түсіндіру екенін айтты.
Жеке тұлғаны дамыту тақырыбын әлеуметтік-эмоциялық оқыту бойынша сарапшы Алтынай Абдрахманова жалғастырды. Ол SEL (әлеуметтік-эмоциялық оқытуды) құзыреттерін дамытуға арналған практикалық тәсілдерді – өзін-өзі тану, өзін-өзі реттеу, әлеуметтік қырағылық, қарым-қатынас орната білу және жауапты шешім қабылдау дағдыларын таныстырды. Сарапшының айтуынша, SEL жеке пән ретінде емес, сабақтың табиғи бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс. Оқушылармен сенімді қарым-қатынас орнатуға ықпал ететін әдістердің қатарында ол «бес минуттық әңгімелерді» және «2×10» тәсілін ерекше атап өтті.
TEDx-сессия форматында NIS мұғалімдері де өз тәжірибелерін ортаға салды. Олар шағын жобалардан ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарына көшу барысын баяндап, технологиялардың құндылықтарды дамыту мен жеке тұлғаның қалыптасуындағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ құндылықтарды пән апталары мен пәнаралық жобаларға енгізудің мысалдарын ұсынды. Жеке бөлімде геология пәні бірлестіктерінің жұмыстары көрсетіліп, пәнаралық байланыстың оқушылардың ғылымды терең түсінуі мен зерттеушілік қабілетін дамытуға ықпал ететіні айқындалды.