Жаңалықтар
NIS тағы бір халықаралық университет тарапынан мойындалды
Литвадағы LCC International University Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme оқу бағдарламасын және түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate құжатын ресми түрде мойындады.
LCC International University NIS түлектеріне 20% көлеміндегі 10 стипендия ұсынады, бұл өтінім беріп, оқуға қабылданған алғашқы 10 талапкерге беріледі. Сондай-ақ қосымша қаржылық қолдау қарастырылған, жалпы қолдау көлемін 90%-ға дейін жеткізу мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, LCC International University – Солтүстік Америка білім беру моделіне негізделген халықаралық жеке университет. Оқу үдерісі ағылшын тілінде жүргізіледі, университет әлеуметтік және гуманитарлық бағыттар бойынша бакалавриат бағдарламаларын ұсынады.
Бұл келісім NIS білім беру моделінің халықаралық деңгейде мойындалуының тағы бір нақты дәлелі. Қазіргі таңда NIS-Programme және Зияткерлік мектеп түлегінің сертификаты 74 шетелдік жоғары оқу орны, 26 қазақстандық университет және 10 халықаралық ұйым тарапынан ресми түрде танылған.