banner

Жаңалықтар

Президент кеңесшісі Алексей Цой NIS экожүйесімен танысты

news
31 наурыз 2026 |
55

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінің қызметімен танысты. Астана қаласының Нұра ауданындағы NIS алаңында өткен кездесуде Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин Зияткерлік мектептердің білім беру жүйесінің құрылымы, стратегиялық даму бағыттары және негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Кездесу барысында NIS оқушылары медицина және көмекші технологиялар саласындағы бірқатар ұсынды. Атап айтқанда, MindShield құрылғысы Паркинсон ауруына шалдыққан жандардың қол дірілін азайтып, қозғалысты тұрақтандыруға мүмкіндік береді. IrisKeys жүйесі компьютерді арнайы құрылғыларсыз, тек веб-камера арқылы көз қозғалысын тану негізінде басқаруды қамтамасыз етіп, инклюзивті цифрлық орта қалыптастыруға жол ашады. Ал REDLINE жобасы жүрек-қантамыр тәуекелдерін жедел бағалауға арналған тиімді шешім ретінде таныстырылды. Сонымен қатар ерекше назар аудартқан TN-bionics экзоскелеті тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың қозғалыс белсенділігін қолдап, оңалту үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ұсынылған жобалар өзектілігімен, қолданбалы маңыздылығымен және инженерлік шешімдерінің сапасымен ерекшеленді. Алексей Цой оқушылардың жұмыстарына жоғары баға беріп, олардың әлеуетіне ерекше таңданыс білдірді.

Сапар аясында Президент кеңесшісі NIS HUB алаңында орналасқан робототехника мен NIS Ғарыш аймағын, домбыра сыныбын және NIS экология зертханасын аралап, оқушылардың зерттеушілік, инженерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бастамалармен де танысты. Сондай-ақ Зияткерлік мектептер жүйесіне қарасты Орталықтардың қызметі, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау және озық тәжірибені республика көлемінде тарату бағытындағы жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат алды.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-