Жаңалықтар
Юпитерден энергия алу идеясын ұсынған NIS оқушылары әлемдік байқауда жеңіске жетті
Алматы қаласы Медеу ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары National Space Society ұйымдастырған Space Settlement Contest 2026 халықаралық байқауында ел абыройын тағы да асқақтатты.
Әлемнің 31 елінен 23 000-нан астам оқушы қатысқан беделді ғылыми-инженерлік сайыста NIS оқушылары «Icarus: Baiterek» жобасымен 1-орын, ал «Promethius» жобасымен 3-орын иеленді.
Байқау қорытындысы бойынша екі команда да өз жобаларын International Space Development Conference 2026 халықаралық конференциясында таныстыруға шақырту алды. Конференция 2026 жылғы маусымда АҚШ-тың Вирджиния штатында өтеді.
Еске салсақ, NIS Алматы-Медеу командасы өткен жылы да осы байқауда бірінші және екінші орындарды иеленген еді.
«Icarus: Baiterek» жобасы – Юпитер жүйесіндегі Каллисто орбитасында орналасатын өзін-өзі қамтамасыз ететін ғарыш станциясының ғылыми концепциясы. Жоба ғарышта өмір сүру мүмкіндігін қарастырумен қатар, Жердегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, Юпитердің жоғарғы қабаттарынан баламалы энергия көздерін алып, оны Жер жағдайына бейімдеу арқылы қазба отынға тәуелділікті азайту ұсынылады.
Жоба пәнаралық сипатқа ие және инженерия, биология, химия, ақпараттық технологиялар мен экономиканы біріктіреді. Станцияда айналу арқылы жасанды гравитация жасау, суды 90%-ға дейін тазартатын жүйе және хлорелла негізінде оттегі өндіру қарастырылған. Тәжірибелік зерттеулер хлорелланың жабық жүйеде тіршілікті қамтамасыз ете алатынын дәлелдеді. Сонымен қатар станцияны бақылауға арналған цифрлық мониторинг жүйесі әзірленіп, ресурстарды жеткізу логистикасы пысықталған.
«Promethius» жобасы да Каллисто орбитасындағы ғарыш станциясының концепциясына арналған. Ол төрт сақинадан тұратын құрылымға негізделіп, айналу арқылы жасанды гравитация қалыптастыруды көздейді.
Жоба аясында станцияның негізгі инженерлік және физикалық параметрлері есептелді. Атап айтқанда, гравитация деңгейлері, ғарыштағы өте төмен температурада жылуды сақтау және радиациядан қорғану мәселелері қарастырылды. Каллисто қауіпсіздігі, ресурстарға байлығы және геологиялық тұрақтылығы үшін таңдалған. Команда станцияның 3D моделін жасап, ресурстарды жеткізу, тіршілік жүйесі және болашақ колонияның құрылымын ұсынды.
Сондай-ақ байқау аясында тағы бір NIS командасы «Paragon Station» жобасын ұсынып, қазылар алқасының арнайы марапатына ие болды. Жоба Сатурн жүйесіндегі орбиталық станцияның тұжырымдамасын сипаттайды және оны тұрғын, өндірістік әрі ғылыми хаб ретінде қарастырады. Станция шамамен 40 000 адамға есептелген. Ол Титан, Энцелад, Иапет және Феба сияқты серіктердің ресурстарын біріктіретін логистикалық орталық ретінде ұсынылған.
Жоба барысында қатысушылар міндеттерді бөліп, инженерия, экология, IT және қаржы бағыттары бойынша жұмыс істеді. Бұл тәсіл ғылыми негізі берік, шынайы модель әзірлеуге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, Space Settlement Contest — мектеп оқушылары мен студенттерге арналған халықаралық ғылыми-инженерлік байқау, онда қатысушылар ғарышта өмір сүруге арналған станциялар мен колониялардың концепцияларын әзірлеп, тіршілікті қамтамасыз ету, энергия, қауіпсіздік және басқару жүйелерін қамтитын кешенді жобалар ұсынады.
«Icarus: Baiterek» жобасының авторлары: Асан Табылды, Сабыржан Инкарбек, Мухидин Жапаров, Томирис Кузбакова, Томирис Нурсаидова, Рамазан Мамиров, Саят Карим, Амина Умирбаева, Мелания Ким, Мансур Шаймерденов, Даулет Ергешбай, Шыңғыс Тоққожа.
«Promethius» жобасының авторлары: Ахмет Құрманкелді, Санжар Батырбек, Жандос Көшенбеков, Бекзат Әлмұрат, Бекарыс Сайлаубай, Диас Джаксекельдинов, Нұрдаулет Файзолда, Жасмин Аманжол, Аяжан Болатбек, Айсұлтан Сейітбаттал.
«Paragon Station» жобасының авторлары: Арлан Сиров, Аман Сатбаев, Арсен Тажин, Диар Баубеков.
Сондай-ақ өткен жылы осы байқауда жеңіске жеткен NIS Алматы-Медеу оқушылары Анастасия Цой, Юлия Ким және Камила Ертісқызы биылғы командалардың жұмысына жетекшілік жасап, менторлық қолдау көрсетті.