banner

Жаңалықтар

Назарбаев Зияткерлік мектептерін мойындаған шетелдік университеттер саны 80-ге жетті

news
29 маусым 2026 |
118

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme оқу бағдарламасы мен NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындаған шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне 80-ші университет тіркелді. Бұл қатарды Ұлыбританиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі – University of York толықтырды.

Университеттің ресми растауына сәйкес, NIS Grade 12 Certificate құжатына ие түлектер Foundation, яғни дайындық бағдарламасын өтпей-ақ бакалавриат деңгейіне тікелей құжат тапсыра алады.

Англияның Йорк қаласында орналасқан University of York – Ұлыбританияның беделді Russell Group қауымдастығына кіретін жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Білім ордасы оқыту сапасы, ғылыми-зерттеу әлеуеті және студенттердің академиялық әрі кәсіби дамуына жағдай жасау бағытында жоғары бағаланады.

Оқу орнының құрамында үш факультет, 40-тан астам академиялық департамент, мектептер мен зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Бүгінде University of York 600-ден астам бакалавриат және магистратура бағдарламасын ұсынады. Университет Ұлыбританиядағы ұлттық бағалау нәтижелері бойынша оқыту сапасы үшін Gold мәртебесіне ие болып, зерттеу нәтижелері бойынша елдің үздік жоғары оқу орындарының қатарынан көрінген.

Айта кетейік, NIS түлектеріне халықаралық білім кеңістігінде кең мүмкіндік ашу – Зияткерлік мектептердің маңызды стратегиялық бағыттарының бірі. Бүгінде NIS-тің құжатын шетелдік жоғары оқу орындарымен қатар, Қазақстандағы 26 жоғары оқу орны және 10 халықаралық ұйым мойындап отыр.

Бөлісу: