Жаңалықтар
NIS оқушысы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған жобамен халықаралық байқауда жеңіске жетті
Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Арнұр Артықбай Regeneron ISEF 2026 халықаралық ғылыми-инженерлік жобалар байқауында Special Award санаты бойынша бірінші орын жеңіп алды.
Байқаудағы жеңісінен бөлек, Арнұр Сауд Арабиясындағы King Fahd University of Petroleum and Minerals университетінің толық білім грантын, сондай-ақ 400 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықты иеленді.
Әлемдегі ең беделді мектеп оқушыларына арналған STEM байқауларының бірі саналатын жарыс биыл АҚШ-тың Финикс қаласында өтті. Regeneron ISEF-2026 байқауына әлемнің 70-ке жуық елінен 1700-ден астам жас ғалым мен өнертапқыш қатысты.
Арнұр ұсынған ғылыми жоба «Машиналық оқыту негізінде қатерлі ісіктерді автоматты анықтау жүйесі» тақырыбына арналды.
Жас ғалымның ғылыми жобасы жасанды интеллект технологиялары арқылы медициналық кескіндерді талдап, қатерлі ісік белгілерін автоматты түрде анықтауды көздейді. Жүйе рентген және басқа да медициналық суреттердегі өзгерістерді сараптап, дәрігерлерге ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.
Халықаралық қазылар алқасы жұмыстың ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығын жоғары бағалады. Сарапшылардың пікірінше, зерттеу деңгейі көптеген мектептік жобалардан едәуір жоғары.
Айта кетейік, биылғы Regeneron ISEF байқауында Арнұр Артықбайдың жобасы Қазақстан атынан марапатқа ие болған жалғыз жұмыс атанды.