Жаңалықтар
NIS оқушысы Еуропалық информатика олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді
Италияның Чезенатико қаласында қыздар арасындағы Еуропалық информатика олимпиадасы (EGOI) өз мәресіне жетті.
Халықаралық білім додасының қорытындысы бойынша Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Дана Өмірби қола медаль иегері атанды.
Биылғы олимпиадаға 59 елден 200-ден аса оқушы қатысып, алгоритмдік ойлау, бағдарламалау және күрделі есептерді шешу бойынша бақ сынады. Оқушыны олимпиадаға NIS Шымкент-Қаратау мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Қыдырәлі дайындады.
Айта кетейік, European Girls’ Olympiad in Informatics — қыздар арасындағы алгоритмдік бағдарламалау бойынша ең беделді халықаралық олимпиадалардың бірі. 2021 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл жарыс әлемнің әр елінен информатикаға қызығушылығы жоғары дарынды оқушы қыздарды біріктіреді.