Жаңалықтар
NIS бағдарламасының халықаралық серіктестік ауқымы кеңеюде
Ұлыбританиядағы беделді Рединг университеті (University of Reading) Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme оқу бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate құжаттарын ресми түрде мойындады.
Енді NIS-Programme бағдарламасын аяқтап, NIS Grade 12 Certificate алған Зияткерлік мектептер түлектері Рединг университетінің бакалавриат бағдарламаларының бірінші курсына университетке дейінгі дайындық бағдарламасын (foundation) оқымай-ақ тікелей түсуге үміткер ретінде қарастырылады. Университет NIS сертификатын британдық A Level біліктілігімен тең деңгейде қабылдайды. Осыған байланысты талапкерлердің математика және бейіндік пәндер бойынша нәтижелері A Level пәндеріне сәйкес бағаланады. Бұл NIS бағдарламасының сапасы халықаралық деңгейде танылғанын көрсетеді.
University of Reading – Ұлыбританиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Университет QS және Times Higher Education халықаралық рейтингтерінде жоғары орындарға ие. Оқу ордасы бизнес, экономика, құқық, психология, компьютерлік ғылымдар, сәулет, білім беру және гуманитарлық ғылымдар бағыттары бойынша мықты академиялық бағдарламалар ұсынады.
The Daily Mail University Guide 2026 рейтингіне сәйкес Рединг университетінің сәулет және құрылыс бағыттары Ұлыбританияда 1-орынға ие болды. Ал университет құрамындағы Henley Business School Еуропадағы беделді бизнес-мектептердің бірі саналады және AACSB, AMBA, EQUIS халықаралық аккредитацияларына ие. Қазіргі таңда мұнда әлемнің 150-ден астам елінен келген студенттер білім алады.
Қазіргі таңда NIS-Programme және NIS Grade 12 Certificate халықаралық академиялық кеңістікте кеңінен танылып, 75 шетелдік университет, 26 қазақстандық ЖОО және 10 халықаралық ұйым тарапынан мойындалып отыр.