Жаңалықтар
NIS олимпиада жеңімпаздары мен ұстаздар еңбегі жоғары деңгейде бағаланды
Бүгін Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиадаларда ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған шәкірттермен және олардың ұстаздарымен кездесті.
Президент жас зияткерлерді жоғары жетістіктерімен құттықтап, білім мен ғылым жолындағы табандылығы мен еңбегін атап өтті.
Кездесу барысында NIS педагогтерінің де еңбегі жоғары бағаланды. Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Кенжеханова «Құрмет» орденімен, ал Қарағандыдағы NIS-тің биология пәні мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ мемлекет басшысының қабылдауынан кейін олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды халықаралық додаларға дайындаған ұстаздары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозинмен жүздесті. Жас зияткерлер Президентпен жүздесуден алған әсерлерімен және алдағы жоспарларымен бөліссе, ұстаздар олимпиадаға дайындық барысы мен жас дарындарды қолдау мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Айта кетейік, биыл жаз айларында өткен IBO, IPhO, IChO, IOI, iGeo, IOL, IEO және IOAI халықаралық олимпиадаларында NIS оқушылары жалпы 18 медаль иеленді. Оның ішінде 6 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль бар.