Жаңалықтар
NIS оқушылары APLO 2026 олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары Қазақстан Республикасы резервтік құрамасының сапында VIII Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында (APLO 2026) жүлдегер атанды. Олимпиада әр елде белгіленген орталықтарда қашықтан ұйымдастырылды.
Бұл жылы олимпиадаға Азия елдерінен 294 оқушы қатысқанымен, халықаралық ресми есепке әр мемлекеттен 8 қатысушыдан ғана іріктеліп, барлығы 80 оқушы енгізілді. Қазақстан бұл олимпиадаға үшінші жыл қатарынан қатысып келеді. 2026 жылғы қорытынды бойынша, ел құрамасы 10 мемлекет арасында орташа балл көрсеткішімен 8-орынды иеленді.
Жеке есеп нәтижесінде NIS оқушылары жоғары деңгейдегі нәтиже көрсетті. Орал қаласындағы NIS оқушысы Шыңғыс Қарасаев алтын медаль жеңіп алып, жалпы рейтингте 80 қатысушының ішінде 9-орынға тұрақтады. Астана қаласы Нұра ауданындағы NIS оқушысы Әмірбек Азатбеков күміс медаль иеленсе, Павлодар қаласындағы NIS оқушысы Аслан Әжібаев құрмет грамотасымен марапатталды.
Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасы (APLO) – мектеп оқушыларына арналған өңірлік зияткерлік сайыс. Ол тіл білімі саласындағы аналитикалық тапсырмаларды шешуге бағытталған. Олимпиаданың басты мақсаты – тілдерді ғылыми тұрғыда зерттеуді насихаттау, бейіндік білімді дамыту және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жастардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру.