Жаңалықтар
Жаңа оқу жылының негізгі бағыттары белгіленді
Қостанайда «Ізденімпаз ұстаз – сапалы өзгерістің қозғаушы күші» атты «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның жыл сайынғы Тамыз конференциясы аяқталды.
Екі күнге созылған басқосуда педагогтер мен мектеп басшылары алдағы оқу жылында назар аударылатын негізгі мәселелерді ортаға салды. Зерттеу мәдениетін дамыту, мұғалімдер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты күшейту, білім беру үдерісінде деректерді тиімді пайдалану және заманауи технологияларды орынды қолдану конференцияның басты тақырыптарына айналды.
Конференция бағдарламасы теориялық талқылаумен шектелмей, мектеп тәжірибесіне тікелей қатысты практикалық жұмысқа құрылды. Қатысушылар нақты кейстерді талдап, өз тәжірибелерімен бөлісті, түрлі тәсілдердің тиімділігін саралады. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылындағы міндеттерді мектеп деңгейінде қалай жүзеге асыруға болатынын бірлесе қарастыруға мүмкіндік берді.
Жиын барысында педагогтердің үздік тәжірибелерін танытуға да ерекше мән берілді. «Табысты тәжірибелер панорамасы» және «Оқытудағы инновациялар: NIS мұғалімінің тәжірибесіндегі жасанды интеллект» байқауларының қорытындысы шығарылып, іс жүзінде нәтижесін көрсеткен педагогикалық әзірлемелер мен тиімді шешімдер атап өтілді.
Тамыз конференциясының қорытындысында қатысушылар жаңа оқу жылына арналған ортақ кәсіби бағыттарды белгіледі. NIS үшін негізгі басымдықтардың бірі – өз тәжірибесіне үнемі талдау жасайтын, шешімін нақты дерекке сүйеніп қабылдайтын және кәсіби ізденісі арқылы мектептің дамуына үлес қоса алатын мұғалімді қолдау.