
Жаңалықтар
NIS олимпиада жеңімпаздары мен ғылыми жоба авторларын бір алаңға тоғыстырды

11 тамыз 2025
Бурабайда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарына арналған екі күндік форум өтті. Іс-шара аясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин жеңімпаздар және жүлдегерлермен кездесті.
Басқарма төрағасы оқушыларды жеке құттықтап, олардың ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, қатысушылардың алдында тұрған негізгі міндеттер мен шешуді қажет ететін мәселелерді талқылады. Кездесу барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізу жолдары, дайындық барысындағы қиындықтарды еңсеру, әдістемелік және материалдық-техникалық базаны жетілдіру қажеттілігі, сондай-ақ дарынды оқушыларды қолдаудағы NIS жүйесінің рөлі сөз болды. Қатысушылар олимпиадалық қозғалысты дамыту және дайындық инфрақұрылымын нығайту жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
Өткен оқу жылы ішінде NIS оқушылары ұлттық және халықаралық олимпиадалар мен байқауларда 300-ден астам жүлделі орын иеленіп, 100-ден аса патент пен авторлық куәлікке ие болды. Ең беделді жеті халықаралық олимпиадада – IMO, IPhO, IBO, IOI, IChO, IGeO, IOL – NIS оқушылары Қазақстан құрамасының табысына елеулі үлес қосып, команданың 27 медалінің 12-сін, соның ішінде 4 алтын жүлдені жеңіп алды.
Форум бағдарламасы командалық рухты, шығармашылық ойлауды және тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталды. Алғашқы күні қатысушылар тимбилдинг-квест «NISTEAM: Бірге – күш!», спорттық ойындар, командалық интеллектуалды ойын «NIS-Challenge» және кешкі Dance Party-ге қатысты. Форумның екінші күні «Таңғы жүгіру: Бірге алға!» атты сергітетін шарамен бастау алды. Бұдан кейін қатысушылар флешмобқа қатысып, әлемнің жетекші университеттерінде білім алып жүрген NIS түлектерімен жүздесті.
Форум естелік сәттер мен бейресми жылы әңгімелерге ұласып, қатысушыларға алдағы жетістіктер жолында бағдар болар ақ ниетті тілектермен аяқталды.