banner

Жаңалықтар

NIS оқушысы ЮНЕСКО MGIEP Жастардың кеңес беру тобына мүше болды

news

12 тамыз 2025

Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Дария Биялова бейбітшілік пен тұрақты даму мүддесіндегі білім беру мәселелерімен айналысатын М. Ганди атындағы ЮНЕСКО институтының Жастардың кеңес беру тобына (Youth Advisory Group) қабылданып, халықаралық іріктеуден сәтті өтті.

Дария 9–10 сыныпта оқып жүргенде ЮНЕСКО клубының белсенді мүшесі болып, халықаралық күндерге арналған іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысты. Қазақстандық ЮНЕСКО клубтары Ұлттық федерациясының хабарламасынан кейін ол ағылшын тілінде түйіндеме әзірлеп, институттың ресми мекенжайына жолдады. Нәтижесінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген үміткерлер арасынан суырылып шығып, жеңімпаз атанды.

Алдағы екі жыл бойы ол Қазақстанды, Орталық Азия аймағын және NIS қауымдастығын таныстырады. Топ мүшелері жастарға арналған бастамалар әзірлеп, жобалар бойынша ұсыныстар береді, түрлі қауымдастықтармен кеңес жүргізеді. Сондай-ақ жыл сайын «Жастар хартиясын» әзірлеп, оны ЮНЕСКО MGIEP Бас кеңесінде ұсынады.

Жастардың кеңес беру тобы – білім беру, бейбітшілік пен тұрақты даму салаларында халықаралық деңгейде ұсыныстар әзірлейтін және идеяларымен бөлісетін жастар алаңы. Мүшелік мерзімі екі жылға созылады, қатысу ерікті түрде жүзеге асады. Үміткерлерге қойылатын басты талаптардың бірі – ағылшын тілін еркін меңгеру, ал іріктеу халықаралық конкурс нәтижелері бойынша өтеді.