Жаңалықтар
NIS Grade 12 Certificate GCE A Level британдық деңгейіне сәйкес деп танылды
NIS-Programme түлектеріне берілетін NIS Grade 12 Certificate тәуелсіз бенчмаркинг рәсімінен өтіп, Ұлыбританияның GCE A Level біліктілік деңгейіне сәйкес деп танылды.
Тәуелсіз бағалау мен салыстырмалы талдауды білім беру, кәсіби даярлау және дағдыларды дамыту саласында маманданған, әлемге танымал британдық Ecctis ұйымы жүргізді. Зерттеу аясында сарапшылар NIS-Programme бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқу нәтижелерін, бағалау тәсілдерін және сапаны қамтамасыз ету тетіктерін талдады.
Ecctis сарапшылары NIS-Programme бағдарламасы оқушыларға тек мықты академиялық білім беруге ғана емес, сонымен қатар пәндік түсінікті, зерттеу дағдыларын және жоғары деңгейдегі сыни әрі аналитикалық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Тәуелсіз бағалау шеңберінде биология, химия, физика, математика, Қазақстан тарихы, сондай-ақ «Global Perspectives and Project Work» пәндері Ұлыбританиядағы GCE AS/A Level деңгейіндегі сәйкес пәндермен салыстырылды. Зерттеу нәтижелері NIS Grade 12 Certificate мазмұны мен бағалау тәсілдерінің Ұлыбританияның GCE A Level стандартына сәйкес келетінін көрсетті.