banner

Жаңалықтар

NIS Conference алаңында мектептегі ғылым және педагогикалық тәжірибелерді қолдану мәселелері талқыланды

news
30 қазан 2026 |
82

XV NIS Conference 2026 қатысушылары мектептегі ғылымды дамыту, білім алушыларға тең білім беру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ оқыту сапасын арттырудағы педагогикалық зерттеулердің рөлін талқылады. Халықаралық сарапшылар оқушылардың зерттеушілік дағдылары мен педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамытуға қатысты тәжірибелері мен тәсілдерін бөлісті.

Мектептегі ғылымды дамыту, оқушыларға тең мүмкіндік туғызу және STEM мұғалімдерінің кәсіби дамуы мәселелерін Финляндия, Ұлыбритания, Эстония және Қытайдан келген зерттеуші ғалымдар Катри Саарикиви, Уильям Макнил, Питер Мехисто және Хунлян Ма көтерді.

Сарапшылар оқушылардың STEM бағыттарына қызығушылығын ерте кезеңнен қалыптастыру, ғылымды оқу бағдарламасы мен білім мазмұнына кіріктіру және зерттеушілік дағдыларын дамыту маңызын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл – оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, оны өмір бойы жалғастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

– STEM-білім берудегі тең мүмкіндік әр мектепте зертхананың болуымен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – әр оқушының тәжірибе жасап, оны қажетіне қарай бірнеше рет қайталап көруіне жағдай жасау, – деп түйіндеді Уильям Макнил (Ұлыбритания).

Оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту мәселесі педагогтердің өз тәжірибесін ғылыми тұрғыдан зерделеуімен де тығыз байланысты. Осы орайда мектептер педагогикалық зерттеулердің нәтижелерін білім беру тәжірибесін жетілдіру үшін қалай пайдалана алады деген мәселе Саймон Лайтманның воркшопында талқыланды. Оның айтуынша, мұғалімдердің зерттеушілік қызметінің нәтижелері таратылып, талқыланып, бүкіл мектеп деңгейіндегі шешімдер мен өзгерістерге негіз болған кезде ғана құнды бола түседі.

Талқылаудың жалғасы ретінде педагогтердің кәсіби дамуына, бағалау тетіктеріне және оқу үдерісінің сапасын мониторингтеуге арналған ақпараттық сессия өтті. Қатысушылар зерттеу мен бағалау нәтижелерін тек қазіргі жағдайды талдау үшін ғана емес, оқыту сапасын жетілдіруге бағытталған нақты шешімдер қабылдау үшін де пайдалануға мүмкіндік беретін тәсілдерді қарастырды.

Оқушының біртұтас дамуы академиялық жетістіктер мен зерттеушілік дағдыларды қалыптастыруды ғана емес, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруді де көздейді. Конференция аясында қатысушылар «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру тәжірибелерімен бөлісіп, мектеп құндылықтарын қалыптастыру жолдарын талқылады. Қатысушылардың пікірінше, бұл құндылықтар оқушылардың күнделікті өмірі мен іс-әрекетінен көрініс тауып, олардың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.

Оқушыларды экологиялық және әлеуметтік бастамаларға тарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. NIS педагогтері қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын таныстырды.

Атап айтқанда, NIS Ақтау мектебінің мұғалімі Каспий итбалықтарын қорғауға бағытталған зерттеу тәжірибесімен бөлісті. Бұл бастама оқушылардың ғылыми-зерттеу қызметін өзекті экологиялық мәселелерді шешумен ұштастырудың үлгісі болды.

Конференция қатысушылары зерттеушілік дағдыларды дамыту, құндылықтарды қалыптастыру және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін білім беру үдерісінің өзара сабақтас құрамдас бөліктері болуы тиіс екенін атап өтті.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-