banner

Жаңалықтар

NIS Conference 2026: Білім сапасы, оқушы дербестігі және жасанды интеллект мәселелері талқыланды

news
29 қазан 2026 |
128

NIS Conference 2026 халықаралық конференциясында білім саласының сарапшылары Гарри Патринос, Саймон Лайтман және Брюс Лендер білім берудің өзекті мәселелеріне қатысты көзқарастарын ортаға салды. Баяндамаларда білімге салынған инвестицияның тиімділігі, оқушылардың дербестігін дамыту және оқу үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері қамтылды.

Арканзас университетінің білім беру реформалары департаментінің жетекшісі, Дүниежүзілік банктің білім беру мәселелері жөніндегі бұрынғы аға кеңесшісі Гарри Патринос білім сапасын бағалауда мектепте білім алған жылдар мен бөлінген қаржы көлемінен гөрі оқу нәтижелеріне басымдық беру қажеттігін атап өтті.

«Білім беру – мемлекет тарапынан ең тиімді инвестициялардың бірі. Алайда білімге салынған инвестицияны тек жұмсалған қаржы көлемімен емес, оның берген нәтижесімен бағалау қажет», – деді сарапшы.

Сондай-ақ ол сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және оқушыларды өзгеріп жатқан еңбек нарығының талаптарына даярлау мәселелеріне назар аударды.

Learning Lab және Flourish Project директоры, Шарджадағы Victoria International School гуманитарлық бөлімінің жетекшісі Саймон Лайтман академиялық жетістіктермен қатар, оқушылардың бойында азаматтық құндылықтарды қалыптастырудың маңызын сөз етті. Ол адалдық, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін дәріптеуге бағытталған қазақстандық «Адал азамат» тұжырымдамасын мысалға келтірді.

Сарапшы оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесіне де ерекше тоқталып, олардың шешім қабылдау үдерісіне шынайы қатысуы маңызды екенін атап өтті.

«Оқушылардың пікіріне құлақ асу маңызды. Алайда олардың пікірі қабылданатын шешімдерге ықпал еткенде ғана бұл қатысу шынайы маңызды бола алады», – деді Лайтман.

Ал Мацуяма университетінің профессоры Брюс Лендер білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселесін көтерді. Ол оқушылардың тапсырмаларды өз бетінше орындаудың орнына жасанды интеллектінің көмегіне толық жүгінуі белгілі бір тәуекелдерге әкелетінін атап өтті. Сарапшының пікірінше, жасанды интеллект оқушының дербес ойлауын алмастырмай, оқу материалын меңгеруіне көмектесетін құрал болуы тиіс.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-