Жаңалықтар
NIS Білім беру бағдарламалары орталығының сарапшылары бірегей оқыту жүйесіне авторлық құқық алды
NIS Білім беру бағдарламалары орталығының мамандары әзірлеген «Қазақ тіліне бойлау» моделінің ғылыми-практикалық негіздері ресми түрде авторлық құқық объектісі ретінде тіркелді. Бұл — ғылыми зерттеулерді, педагогикалық тәжірибені және әдістемелік әзірлемелерді біріктірген көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Модельдің негізіне профессор Макпал Жадринаның авторлық тұжырымдамасы алынған. Ал әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеуде Жанат Қажығалиева мен Гүлнар Жадринаның еңбегі ерекше, олар көпжылдық практикалық тәжірибені жүйелеп, мазмұндық тұрғыда толықтырды.
Аталған модель қазақ тілін тек пән ретінде емес, танымның негізгі құралы ретінде қарастырады. Бұл тәсілде тіл академиялық пәндерді меңгерудің, қарым-қатынастың және ойлаудың бірыңғай кеңістігін қалыптастырады.
Жүйе халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми тәсілдерге негізделген. Атап айтқанда, толық тілдік ортаға ену (immersion education) және пәндерді мақсатты тілде оқыту (CLIL) әдістері қолданылды. Модельді әзірлеу барысында Финляндия, Эстония және Канада елдерінің тәжірибесі жан-жақты зерделеніп, олардың тиімді элементтері Қазақстанның білім беру стандарттарына бейімделді.
Нәтижесінде, қазақ тілін табиғи ортада меңгеруге мүмкіндік беретін, оны күнделікті қарым-қатынас пен білім алудың негізгі тіліне айналдыратын тиімді әдістеме қалыптасты.
«Қазақ тіліне бойлау» моделін енгізу мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға, оның білім беру жүйесіндегі қолданылу аясын кеңейтуге және оқушылардың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.