Жаңалықтар
Назарбаев Зияткерлік мектептерін тағы 6 шетелдік университет мойындады
Назарбаев Зияткерлік мектептерін мойындайтын шетелдік университеттер қатары тағы 5 жоғары оқу орнымен толықты. Халықаралық серіктестік желісіне Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия және Қытайдың жетекші университеттері қосылды.
Жаңа келісімдер NIS-Programme бағдарламасының халықаралық деңгейде танылуын күшейтіп, Зияткерлік мектептерде берілетін білім сапасына деген сенімді арттырады. Серіктестік аясында түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындау, бакалавриат бағдарламаларына Foundation кезеңінсіз тікелей түсу, сондай-ақ академиялық нәтижелерге байланысты стипендиялық және қаржылық қолдау мүмкіндіктері қарастырылған.
Жаңа серіктестер қатарында Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі – University of Bristol бар. Университет беделді Russell Group құрамына кіреді және QS World University Rankings 2026 рейтингінде әлем бойынша 51-орында тұр. Мұнда ағылшын тілінде 600-ден астам бакалавриат және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы ұсынылады. University of Bristol жоғары деңгейдегі ғылыми зерттеулерімен де танымал. Research Excellence Framework 2021 қорытындысы бойынша зерттеу жұмыстарының 94%-ы «әлемдік деңгейдегі» немесе «халықаралық деңгейде озық» деп бағаланған.
Қытайдағы Northwestern Polytechnical University (NPU) де NIS-пен ынтымақтастықты кеңейтті. Сиань қаласында орналасқан университет авиация, ғарыш және теңіз инженериясы салаларындағы мамандарды даярлау мен ғылыми зерттеулерімен танымал.
NPU аэрокосмостық инженерияны қоса алғанда, түрлі пәнаралық бағыттар бойынша білім береді. Университетте Washington Accord талаптарына сәйкес аккредиттелген алты бакалавриат бағдарламасы бар.
NIS пен Northwestern Polytechnical University арасындағы меморандум аясында Зияткерлік мектеп түлектеріне академиялық нәтижелеріне байланысты стипендиялық қолдау мен оқу ақысына ішінара жеңілдіктер беріледі.
Серіктестік желісіне Edith Cowan University (ECU) де қосылды. Аустралиядағы жетекші жас университеттердің бірі саналатын ECU тәжірибеге бағытталған білім беруімен, білім беру бағдарламаларының халықаралық деңгейде мойындалуымен және кәсіби индустриямен тығыз байланысымен ерекшеленеді.
Университет бакалавриат деңгейіндегі оқыту сапасы бойынша ұзақ жылдар бойы бес жұлдызды бағалауға ие болып келеді. Бүгінде университетте 100-ден астам елден келген 31 мыңнан астам студент, оның ішінде шамамен 7 мың халықаралық студент білім алады.
Ал Ұлыбританиядағы Abertay University технологиялық және цифрлық бағыттарымен танымал. Университет әсіресе бейнеойындар әзірлеу және киберқауіпсіздік салаларындағы бағдарламаларымен ерекшеленеді.
Сонымен қатар Abertay University бизнес-аналитика, этикалық хакинг, азаматтық құрылыс, психикалық денсаулық сақтау саласындағы мейіргер ісі және басқа да бағыттар бойынша білім береді. Университет бейнеойындар әзірлеу мен киберқауіпсіздік салаларындағы білім беру бойынша Ұлыбританиядағы ұлттық озық тәжірибе орталықтарының бірі саналады.
Халықаралық серіктестік желісі Schiller International University университетімен де толықты. АҚШ-та құрылған жоғары оқу орнының Тампа, Гейдельберг, Мадрид және Париж қалаларында кампустары бар. Университет әлемнің 100-ден астам елінен келген студенттерді біріктіреді.
Schiller International University халықаралық кампустар жүйесі арқылы студенттерге академиялық кредиттерін жоғалтпай, оқу барысында әртүрлі елдерде білім алуға мүмкіндік береді. Университеттің негізгі білім беру бағыттары қатарында халықаралық қатынастар және дипломатия, халықаралық бизнес, қонақжайлылық және туризм менеджменті, тұрақты даму менеджменті, деректер ғылымы және жасанды интеллект, компьютерлік ғылымдар, жаһандық сауда және қаржы бар.
NIS-пен жасалған меморандум аясында Зияткерлік мектеп түлектеріне академиялық нәтижелеріне байланысты стипендиялық мүмкіндіктер қарастырылған.
Ұлыбританияның University of East Anglia (UEA) университетімен де ынтымақтастық орнатылды. Норидж қаласында орналасқан жоғары оқу орны 1963 жылы құрылған және бүгінде 17 мыңнан астам студентті біріктіреді. UEA – Ұлыбританиядағы беделді жоғары оқу орындарының бірі болып саналады және ғылыми зерттеулерінің сапасымен танымал.
Университет қоршаған орта, медицина және биология ғылымдары салаларындағы зерттеулерімен ерекшеленеді. University of East Anglia Ұлыбританиядағы жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі саналатын Norwich Research Park-пен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Айта кетейік, NIS-тің халықаралық университеттермен ынтымақтастығы тек серіктестік географиясын кеңейтуге емес, ең алдымен NIS-Programme бағдарламасының халықаралық білім беру кеңістігіндегі беделі мен мойындалуын күшейтуге бағытталған. Бүгінде NIS-Programme мен NIS Grade 12 Certificate құжатын 92 шетелдік университет, Қазақстанның 26 жоғары оқу орны және 10 халықаралық ұйым мойындайды.