banner

Жаңалықтар

Назарбаев Зияткерлік мектептері алғаш рет буллингке қарсы республикалық форум өткізді

news
10 сәуір 2026 |
122

Астанада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы алғаш рет буллингке қарсы республикалық форум өткізді. Форум мектеп оқушылары арасында буллингтің алдын алудың тиімді тетіктерін енгізуге және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталды. Шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өтті.

Ауқымды жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен келген 300-ден астам педагог, психолог, сарапшы, ата-аналар қауымдастығы мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин өз сөзінде мектептегі жайлы орта оқушылардың үлгеріміне тікелей әсер ететінін атап өтті:

– Зерттеулер буллингке тап болған оқушылардың оқу үлгерімі төмен болатынын айғақтайды. Бұл біздің мектептердегі деректермен де дәлелденіп отыр. Балалардың әл-ауқат индексі 25 түрлі көрсеткіш арқылы мектептегі жағдайды бағалайды, соның ішінде қауіпсіздік деңгейі мен буллингтің таралуы да бар. Біз тұрақты үрдісті байқаймыз: мектептегі әл-ауқат деңгейі жоғарылаған сайын, оқушылардың үлгерімі де арта түседі.

Форум қатысушылары буллингтің алдын алуға бағытталған жүйелі тәсілдермен танысты. Ол үш негізгі топпен – оқушылармен, педагогтермен және ата-аналармен жүргізілетін кешенді жұмысқа негізделген. Ерекше назар әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларды дамытуға, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға және ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға аударылды.

Сонымен қатар қатысушыларға қазіргі сын-қатерлерге қарсы тұруға бағытталған тиімді шешімдер ұсынылды. Олардың қатарында буллингке қарсы халықаралық KiVa бағдарламасы бар. Елімізде бұл бағдарлама Финляндиядағы Турку Университетімен серіктестікте жүзеге асуда.

2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша, бағдарлама 110 мектепте, оның ішінде ауылдық мектептерде пилоттық түрде енгізіліп, буллинг деңгейі 30%-ға төмендеді. Сондай-ақ оқушылардың 63%-ы педагогтердің араласуынан кейін буллингтің азайғанын немесе толық тоқтағанын атап өтті.

Форумның практикалық бөлігі буллингпен жұмыс істеу құралдарына бағытталды. Қатысушылар нақты жағдайларды талдап, TEDx форматындағы сессияларға, демонстрациялық сабақтар мен дағдарыстық психологиялық көмек көрсету бойынша тренингтерге қатысты. Сондай-ақ мектеп оқушыларының эмоционалдық интеллектін дамыту тәсілдерімен танысты.

Одан өзгі мемлекеттік органдардың өкілдері балалардың құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және мектептегі қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету бағытындағы нақты шараларды таныстырды.

Талқылау нәтижесінде буллингтің алдын алуда тек мұғалімдер ғана емес, ата-аналар мен оқушылардың да жауапкершілігі маңызды екені атап өтілді. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін Орталық Азия деңгейінде мектеп психологтерінің қауымдастығын құру бастамасы көтерілді. Бұл ұйым мамандарды біріктіріп, мектептердегі алдын алу жұмыстарын күшейтуге серпін береді.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-