Жаңалықтар
ISSA by NIS оқушылары Қытайдағы халықаралық олимпиаданың абсолютті чемпиондары атанды
International Steppe School of Almaty by NIS оқушылары Шанхайда өткен Tigers Math China 2026 халықаралық математика олимпиадасының финалында үздік нәтиже көрсетті. Әлихан Иманжанов бірінші орын, Сағи Зейін-Ғабиден екінші орын, ал Ерали Ербатыр үшінші орын иеленді.
Сайыс қорытындысы бойынша International Steppe School of Almaty by NIS оқушылары олимпиаданың абсолютті чемпиондары атанып, халықаралық білім беру жобаларына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жеңімпаздар келесі жылы Сингапур, Канада және Грекияда өтетін халықаралық финалдарға тегін жолдама, сондай-ақ халықаралық білім беру лагеріне шақырту алды.
Tigers Math China 2026 финалы беделді Wycombe Abbey International School базасында өтіп, 25-ке жуық елден келген 8 500-ден астам жас математикті бір алаңға жинады. Қатысушылар қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Индонезия, Вьетнам, Таиланд, Жапония, Үндістан, Филиппин, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия және басқа да елдердің өкілдері болды. 5–12-сынып оқушылары өз білімін, математикалық ойлау қабілетін және стандарттан тыс шешім табу шеберлігін көрсетті.
Айта кетейік, Tigers Math – дарынды оқушылардың басын қосатын, зияткерлік бәсекеге, логикалық ойлауды дамытуға және әр елден келген қатысушылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін халықаралық математика олимпиадасы.