Жаңалықтар
Алты шетелдік университет NIS-Programme мен NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындады
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындайтын шетелдік жоғары оқу орындарының қатарына Ұлыбритания, Нидерланд, Қытай, Канада, Гренада және Жапонияның тағы алты университеті қосылды.
Жаңа мойындаулар NIS түлектерінің әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін кеңейтеді. Таңдаған университеттің талаптарына сәйкес олар Foundation бағдарламасынан өтпей-ақ бакалавриатқа тікелей түсе алады, өтінімдерін басым тәртіппен қарауға, стипендиялар мен өзге де қолдау түрлеріне үміткер бола алады.
NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындаған жоғары оқу орындарының бірі – Нидерландтағы жетекші техникалық университет Delft University of Technology. 2026 жылғы QS World University Rankings рейтингінде 47-орында тұр. TU Delft сәулет, азаматтық құрылыс, аэроғарыш инженериясы, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және машина жасау бағыттарындағы бағдарламаларымен танымал. Университеттің сәулет мектебі тұрақты түрде әлемдегі үздік үштікке енсе, азаматтық және құрылыс инженериясы бағдарламалары жетекші инженерлік мектептер арасында жоғары орнын сақтап келеді. NIS түлектері университеттің бакалавриат бағдарламаларына Foundation-сыз тікелей түсе алады.
Болашақ медицина мамандары үшін жаңа мүмкіндіктерді Zhejiang University School of Medicine ұсынады. Zhejiang University – 2026 жылғы QS World University Rankings рейтингінде 49-орында және Қытайдың жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Университеттің медицина мектебі NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындады. Соның арқасында Зияткерлік мектептердің түлектері MBBS бағдарламасының бірінші курсына Foundation-сыз тікелей түсе алады. Сонымен қатар NIS оқушылары үшін оқуға түсу талаптары, стипендиялар және білім алу мүмкіндіктері туралы дәрістер мен семинарлар өткізу жоспарланып отыр.
Ал Ұлыбританияда NIS түлектерінің сертификатын University of St Andrews мойындады. 2026 жылғы QS World University Rankings рейтингінде 113-орында тұрған бұл оқу орны 1413 жылы құрылған және Шотландиядағы ең көне әрі беделді университеттердің бірі болып саналады. Университет математика және статистика, халықаралық қатынастар, физика және астрономия, психология және нейроғылымдар бағыттарындағы мықты бағдарламаларымен танылған. NIS түлектері мұнда да Foundation бағдарламасынан өтпей-ақ бакалавриатқа тікелей түсе алады.
Канадада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жаңа серіктесі – Huron University. Ол Western University құрамына кіреді. NIS түлектерінің өтінімдері 12-сыныптағы оқу нәтижелері негізінде басым тәртіппен қаралады. Белгіленген талаптарды орындаған жағдайда олар ағылшын тілін меңгеру деңгейін қосымша растаудан босатылуы мүмкін. Сондай-ақ құжаттарын белгіленген мерзімде тапсырған талапкерлерге студенттік резиденциядан орын кепілдендіріледі.
Гренададағы St. George’s University де NIS түлектеріне медицина саласында білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынады. QS World University Rankings: Latin America and the Caribbean – Caribbean 2026 рейтингінде оқу орны Кариб өңірі университеттері арасында 11-орында. NIS түлектері дәстүрлі жеті жылдық оқу жолының орнына бес жылдық Doctor of Medicine бағдарламасына түсе алады. Олардың өтінімдері басым тәртіппен қаралып, үздік талапкерлер академиялық стипендиялар мен International Peace Bursary бағдарламасы аясындағы қаржылық қолдауға үміткер бола алады.
Жапонияда NIS Grade 12 Certificate құжатын Kyoto University of Advanced Science мойындады. Халықаралық білім беруге бағытталған университет инженерия, биоэкологиялық ғылымдар және бизнес-әкімшілендіру бойынша ағылшын тіліндегі бағдарламаларды ұсынады. NIS түлектері бакалавриаттың бірінші курсына Foundation бағдарламасын оқымай-ақ тікелей түсе алады.
Алты шетелдік жоғары оқу орнының NIS-Programme мен NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындауы Зияткерлік мектептер түлектерінің жоғары академиялық дайындығын тағы бір мәрте көрсетіп, олардың шетелде білім алу мүмкіндіктерінің аясын кеңейтеді.
Қазіргі таңда NIS-Programme мен NIS Grade 12 Certificate құжатын 86 шетелдік университет, Қазақстанның 26 жоғары оқу орны және 10 халықаралық ұйым мойындайды.