Жаңалықтар
Ақтөбедегі NIS-тің «Нұршашу» ансамблі халықаралық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды
Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Нұршашу» би ансамблі Қытай Халық Республикасында өткен «Бір белдеу – бір жол» (Азия – Еуропа) халықаралық балалар өнер байқауында Гран-при иегері атанды.
Мәдени байланыстарды нығайтуға, елдер арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға, шығармашылық тәжірибе алмасуға және дарынды жастарды қолдауға бағытталған ауқымды жобаға биыл Қытай, Қазақстан, Корея, Моңғолия және Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан 780 хореографиялық ұжым қатысты.
Байқауда «Нұршашу» ансамблі нео-қазақ биі стиліндегі «Қобыз» хореографиялық композициясын ұсынды. Қойылымда ұлттық өнердің көркемдік ерекшеліктері заманауи сахналық шешімдермен үйлесім тауып, жас бишілер жоғары орындаушылық шеберлік пен сахна мәдениетін көрсетті. Ұжымның өнері көрермендердің ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – тәжірибелі педагог, «Ақтөбе облысының үздік мұғалімі» атағының иегері Зердегүл Үркімбаева. Ұжым бірнеше жылдан бері NIS оқушыларының ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қазақ би өнерін халықаралық деңгейде танытуға үлес қосып келеді.