
Жаңалықтар
IGeO – 2025: NIS оқушылары ел қоржынына 2 алтын мен 2 күміс медаль сыйлады

31 шілде 2025
Бүгін Таиланд астанасы Бангкок қаласында IGeO – 2025 Халықаралық география олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.
Биыл Қазақстан атынан білім бәйгесіне 4 оқушы қатысты. Барлығы да – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің шәкірттері. Олар халықаралық деңгейде 100% нәтиже көрсетіп, ел қоржынына екі алтын және екі күміс медаль салды.
Қостанайдағы NIS оқушысы Андрей Енбахтов пен Қарағандыдағы NIS оқушысы Талғат Байбусунов алтын медаль иегерлері атанды, ал Талдықорғандағы NIS оқушысы Ақжол Болат пен Ақтөбедегі NIS оқушысы Алихан Калмағамбетов қос күміс медальге қол жеткізді.
Осы жылы олимпиадаға әлемнің 47 елінен келген 200-ге жуық оқушы қатысып, география ғылымы бойынша бақ сынады. IGeO үш кезеңнен тұрды – жазбаша тест, мультимедиялық тапсырмалар және далалық зерттеу туры.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының тәлімгерлерінің бірі – Ақтөбе қаласындағы NIS түлегі Рустам Валеев. Ол 2021 жылы дәл осы олимпиадада Қазақстан қоржынына ел тарихындағы алғашқы алтын медальді салған болатын. Бүгінде ол жас географтарға бағыт-бағдар беріп, білім мен шабыт сыйлап келеді.
Халықаралық аренада Қазақстанның білім саласындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп берген Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларын, олардың ата-аналары мен ұстаздарын құттықтаймыз!