
Жаңалықтар
College Board делегациясы NIS-те

30 шілде 2025
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында АҚШ-тың халықаралық білім беру ұйымы – College Board өкілдерімен кездесу өтті.
Басқосу барысында College Board вице-президенті Руши Шет пен Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Менакши Кэчру Чатта NIS-пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
College Board – колледждер мен университеттерге түсуге дайындық бағытында мектеп оқушыларына 120 жылдан астам уақыт бойы қолдау көрсетіп келе жатқан жетекші коммерциялық емес ұйым. Ол SAT, PSAT/NMSQT және Advanced Placement (AP) секілді маңызды бағдарламаларды әзірлейді. Бұл курстар жоғары сынып оқушыларына колледж деңгейіндегі пәндерді оқуға және ЖОО-ға дейін академиялық кредиттер алуға мүмкіндік береді. Бүгінде College Board құрамында әлемнің түкпір-түкпірінен 6000-нан астам мектеп, колледж және университет бар.
Ұйым ұсынатын заманауи шешімдердің қатарында SAT емтиханының цифрлық форматы мен BigFuture платформасы бар. Бұл платформа оқушыларға болашақ мамандықты таңдауға, ЖОО-ларды іріктеуге және шәкіртақылар табуға көмектеседі.
SAT сертификаты шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу кезінде артықшылық береді. Жыл сайын Зияткерлік мектеп оқушыларының SAT тапсыру көрсеткіші артып келеді. Осы орайда Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Семей, Орал, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Өскемен және Шымкент қалаларындағы NIS базасында ресми SAT тапсыру орталықтары ашылды.
Кездесу аясында қонақтар NIS оқушыларының академиялық дайындығына жоғары баға беріп, олардың SAT бойынша үздік нәтижелер көрсетіп жүргенін атап өтті.