banner

Жаңалықтар

Ғарышқа ұшырылған NIS жер серігі Мемлекет басшысы мен Бельгия корольдік жұбына таныстырылды

news
14 қазан 2026 |
86

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Бельгия королі Филипп және патшайым Матильда NIS оқушыларының ғарыш саласындағы жетістігімен танысты.

Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Альзере Чиндалиева мектеп командасы әзірлеген NIS PocketQube жер серігі туралы баяндап, жеті жылдық еңбектің нәтижесімен бөлісті. Мәртебелі меймандар жас зерттеушілердің жобасына ерекше қызығушылық танытты.

Еске салайық, биыл 1 қазанда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары әзірлеген NIS PocketQube жер серігі АҚШ-тағы Ванденберг ғарыш базасынан SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран-тасығышымен орбитаға шығарылды. Бұл – Қазақстан тарихында мектеп оқушылары құрастырып, ғарышқа ұшырған алғашқы жер серігі.

Жоба 2019 жылы қолға алынды. Оған әр жылдары 17 оқушы атсалысты, олардың бірқатары бүгінде NIS түлектері. Жас өнертапқыштар ұстаздары мен ғарыш саласы мамандарының қолдауымен жер серігінің құрылымын жобалап, электрондық жүйелерін құрастырды, бағдарламалық жасақтамасын әзірлеп, аппаратты ғарышқа ұшыруға дайындады.

Алдағы уақытта жер серігінен алынатын деректерді физика, астрономия, бағдарламалау және инженерия бағыттарындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына пайдалану жоспарланып отыр.

Фото: Ақорданың Telegram-арнасынан

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-