Жаңалықтар
Білім берудің келешегі – NIS Conference назарында
XV Халықаралық NIS конференциясының тақырыптық секциялары мен воркшоптарында сарапшылар мен педагогтер білім беру деректерін пайдалану, жасанды интеллектіні қолдану, мектептегі көшбасшылықты дамыту және мұғалімдердің кәсіби ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады.
Педагогтерге қолдау көрсетуге бағытталған Hungry Teachers (Нидерланды) жобасының негізін қалаушы Анастасия Серазетдинова сабақтарды жобалауда зерттеушілік тәсілдерді қолданудың практикалық кейстерін ұсынды. Шеберлік сабағына қатысушылар оқыту әдістерін таңдауға қандай факторлар әсер ететінін және оқу үдерісін жоспарлау кезінде зерттеу нәтижелерін қалай ескеру керектігін қарастырды.
Оқу сауаттылығы мен көптілді білім беру мәселелері жекелеген секцияның тақырыбына айналды. Дүниежүзілік банктің аға зерттеушісі әрі білім беру саласындағы кеңесшісі Айдан Клеркин PISA және PIRLS халықаралық зерттеулерінің нәтижелерін таныстырып, білім берудегі теңсіздікке және оқу сауаттылығы деңгейіндегі гендерлік алшақтықтың әлі де сақталып отырғанына ерекше назар аударды.
– Қыздар оқу сауаттылығы бойынша ұлдарға қарағанда жоғары нәтиже көрсетеді және уақыт өте келе бұл алшақтық азаймай отыр. Біз мұны халықаралық та, ұлттық та зерттеулерден байқап отырмыз, – деп атап өтті сарапшы.
«Білім берудегі 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына арналған секцияда бүгінгі таңда мектеп басқарып отырған бағдарлама түлектері өздерінің басқарушылық тәжірибелерін бөлісті. Олар қызметтің алғашқы жылдарында кездескен қиындықтар, өзгерістерді енгізу, шешім қабылдау және жаңадан тағайындалған басшыларға қолдау көрсету мәселелері туралы әңгімеледі.
Жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану «Қазақстан мектептеріндегі жасанды интеллект» секциясының негізгі тақырыбына айналды. Мұғалімдер білім беру үдерісінде цифрлық құралдарды қолдану мысалдарын ұсынып, технологиялық өзгерістер жағдайындағы педагогтің рөлін талқылады.
Коллаборативті кәсібилік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бостон колледжінің зерттеуші-профессоры Энди Харгривз педагогтердің формалды ынтымақтастығы неге әрдайым күтілетін нәтижеге жеткізе бермейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, кәсіби өзара әрекеттестіктің ең тиімді түрі әкімшілік талаптарға емес, мұғалімдердің өз бастамасына, өзара сеніміне және бірлесіп шешім іздеуіне негізделеді.
– Әкімшілік қатаң талаптар қою арқылы ынтымақтастықты күшейтуге тырысқанда нәтиже керісінше болуы мүмкін, – деп атап өтті сарапшы.
Конференцияға қатысушылар педагог кадрларды басқарудың заманауи тәсілдерін де қарастырды. Атап айтқанда, кәсіби құзыреттерді дамыту, тәжірибе алмасу және әрбір мұғалімнің әлеуетін толық ашуға жағдай жасау мәселелері талқыланды.