Жаңалықтар
Әлемдік білім беру сарапшысы Энди Харгривз NIS Conference 2026 алаңында сөз сөйледі
Өзгермелі әлемде мұғалімнің рөлі қандай болуы тиіс? Бұл тақырып NIS Conference 2026 алаңындағы негізгі баяндамалардың біріне арқау болды. Конференцияның басты спикерлерінің бірі, Бостон колледжінің зерттеуші профессоры Энди Харгривз ұстаздық кәсіптің болашағы, технологиялардың ықпалы және педагогтердің кәсіби дамуы туралы ой бөлісті.
Энди Харгривздің пікірінше, ұстаздық ету ғылымды, өнерді және шеберлікті ұштастырады. Мұғалім білім берумен ғана шектелмей, оқушының танымға қызығушылығын оятып, қабілетін дамытуға көмектесуі тиіс. Сондықтан мектепті дамытуда педагогтердің кәсіби өсуіне жағдай жасау, олардың әл-ауқатына көңіл бөлу және әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды.
«Оқушыларымыздың өзін жақсы сезінгенін қаласақ, мұғалімдеріміздің де әл-ауқатына көңіл бөлуіміз керек», – деді сарапшы.
Профессор цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жаңа технологияларды енгізу дәстүрлі оқыту тәсілдерінен бас тартуды білдірмейді. Ең бастысы – жаңашылдық пен уақыт сынынан өткен әдістерді үйлестіріп, оқушылар мен мұғалімдердің қажеттіліктерін ескеру.
Сонымен қатар сарапшы жаңашылдыққа қатысты келіспеушіліктерді бірден кедергі ретінде қабылдамау қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, сындарлы көзқарас жаңа шешімдердің осал тұстарын анықтап, оларды жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондықтан өзгерістерді жүзеге асыруда мұғалімдердің тәжірибесі мен кәсіби пікірін ескеріп, оларды ортақ шешім қабылдауға тарту маңызды.
Конференция аясында Энди Харгривз «Changing Teachers for Challenging Times: Teaching to Repair the World Together» атты кітабын көпшілікке таныстырды. Еңбекте ұстаздық кәсіптің келешегі, мұғалімнің қоғамдағы рөлі және білім арқылы қоғамды оң өзгерістерге бастау мәселелері қарастырылған.