Тәжікстандықтар Қазақстанның PISA-дағы жетістіктерімен танысты

PISA-2022 халықаралық рейтингінің қорытындысы бойынша республикамыз математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша ТОП-50 елдің қатарына енді. Бұл өзгеріс тәжікстандық білім саласының жетекшілері мен басшыларының қызығушылығын тудырған. Сондықтан бүгін бауырлас республикадан келген делегация Зияткерлік мектептерге арнайы келіп, жоғары нәтижелерге себеп болған бағдарламалармен танысты.

Мұндай оң нәтиже 2016 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігі мен NIS-тің орта мектептерге жаңартылған білім беру мазмұнын енгізуімен байланысты. Ал пандемия кезінде оқушылар үшін сабақтардың 80%-ын Зияткерлік мектептердің мамандары дайындаған.

Сондықтан Тәжікстан Республикасы Еуропалық Одақ бағдарламасы аясында білім беру және еңбек нарығы саласында Қазақстан мен Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесіне жіті назар аударып отыр.

  • Өңірлер бөлінісінде Атырау облысының оқушылары айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Мұнда математика бойынша нәтижелердің өсуі 23 баллды, оқу бойынша – 34 баллды және ғылым бойынша – 45 баллды құрады. Бұндай көрсеткішке облыс әкімдігі мен NIS сарапшыларының бірлескен жобасының арқасында қол жетіп отыр, - деді NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

NIS жетістіктері тек шетелде ғана емес, ел ішінде де ерекше бағаланады. Биыл Зияткерлік мектептерге оқуға құжат тапсырушы үміткерлердің рекордтық саны 28.000-нан асуы да соның дәлелі.

Сонымен қатар, тәжікстандықтар NIS орталықтары мен BeyimTech ұйымының әзірлемелерімен танысты.