ПШО максималды мерзімге институционалдық аккредиттеуден өтті

NIS Педагогикалық шеберлік орталығы – максималды мерзімге, яғни алты жылға шартсыз институционалдық аккредиттеуден өткен Қазақстандағы жалғыз қосымша кәсіптік білім беру ұйымы. ПШО-ның жаңа мәртебесін Германияның ACQUIN аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институты растады.

Жоғары сапалы тренерлер құрамы және жоғары сапалы контент Педагогикалық шеберлік орталығының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Сонымен қатар ПШО халықаралық стандарттар мен сапа критерийлеріне сай келу үшін жүйелі түрде халықаралық бағдарлама сертификаттауынан өтеді. Осылайша, 2018 жылдан бастап Еуропалық аккредиттеу агенттігінде білім берудің әртүрлі деңгейлеріне арналған ПШО-ның 11 біліктілікті арттыру бағдарламасы аккредиттеуден өтті. Бұл аккредиттеу контентті әзірлеуге, тренерлер құрамын даярлауға және кәсіби дамытуға, біліктілікті арттыру курстарын өткізуге, курстан кейінгі қолдауды ұйымдастыруға, сондай-ақ зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатысты.

Сондай-ақ аккредиттеудің екінші түрі бар – институционалдық. Бұл бүкіл ұйымның қызметін сыртқы бағалау мен сараптауға негізделген,сонымен қатар келесі аспектілерге ерекше назар аударылады: шешім қабылдау процесі, стратегиялық басқарудың тиімділігі, сапаны қамтамасыз ету.

Аккредиттеуден өту Педагогикалық шеберлік орталығының одан әрі дамуына жаңа серпін беріп, халықаралық деңгейде жаңа байланыстар орнату мүмкіндігін ашады. Бүгінге дейін Орталық 8 елдің мұғалімдерін оқытты және бұл тізім әлі де толықпақ.

Мысалы, бұған дейін Малави (Оңтүстік Африка) педагогтері ПШО-да білім алса, бүгінде Африка континентінің басқа да елдері Орталықта біліктілікті арттыру курстарынан өтуге ниетті.

– Педагогикалық шеберлік орталығының қызметі мен жетістіктері расымен таңқалдырады. Ұйымның өршіл мақсаттары мен үлкен миссиясы бар. Сондай-ақ орталықтың тиімді әрі нәтижелі жұмыс істейтінін да білеміз. ПШО Қазақстанның бүкіл білім беру жүйесін жетілдіруге орасан зор үлес қосып жатқаны сөзсіз, – дейді ACQUIN институтының сарапшысы Даниель Рельстаб. NIS Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова әлемнің ешбір жерінде қосымша кәсіптік білім беру саласы аккредиттеуден өтпегенін атап өтті. Бірақ ПШО жоғары оқу орындарының стандарттары бойынша процедурадан өту арқылы өз деңгейін көтеруге шешім қабылдады.

Германияның ACQUIN аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институты (Германия) 2001 жылы құрылды.

ACQUIN Австрия, Швейцария, Сингапур және басқа елдердің орталықтарының сапасына баға береді. Институт жұмысты бағалау кезінде 3 шешім шығарады: аккредиттеуден бас тарту, әртүрлі шарттармен қысқа мерзімге сертификат беру және шартсыз аккредиттеу.