NIS жанынан Республикалық оқушылар кеңесі құрылды

Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы жанынан Республикалық оқушылар кеңесі – Republican student council (RSC) құрылды.

Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Елнар Салпековтің Республикалық оқушылар кеңесін құру идеясы NIS Басқармасы тарапынан қолдау тауып, тәжірибеге енгізілуде.

Кеңес мектеп қауымдастығын дамытудың желілік саясатын жүргізеді, сондай-ақ білім беру үдерісін стратегиялық дамытуға, жастар арасында көшбасшылық қасиеттерді нығайту мен кәсіби шыңдалуға жағдай жасауға және өзара тәжірибе алмасуға бағытталған.

Республикалық оқушылар кеңесінің бастапқы даму стратегиясы негізгі үш бағытта жүргізіледі, біріншісі – волонтерлік жобалар мен бастамаларды басқару және қолдау, екіншісі – дебат қозғалысын қалыптастыру және дамыту, сыни ойлау мен көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіру, үшіншісі – оқушыларға тағылымдама ұсыну арқылы кәсіби дағдыларды дамытуға мүмкіндік беру.

Бастапқы кезеңде Republican Student Council төрағасы лауазымына Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы, RSC тұжырымдамасын жасақтаушы Елнар Салпеков тағайындалса, төраға орынбасары қызметін Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Даниал Исабеков атқарады. Сондай-ақ кеңес құрамына әр мектептен екі өкіл бекітіледі.