NIS оқушысының мақаласы халықаралық Scopus базасында жарық көрді

Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Алдияр Аппаздың «Изовалериан қышқылының моноглицеридтер синтезін микротолқынды белсендіру және оның микробқа қарсы белсенділігі» тақырыбындағы зерттеу нәтижелері әлемдегі ең ауқымды Scopus дерекқор жүйесіне енетін «Bulgarian Chemical Communications» болгариялық журналында жарияланды.

Бұл жұмысты Алдияр әкесі – профессор Нұрбол Аппазов, мектептегі ұстазы Марат Сыздықбаев және басқа да университет оқытушыларымен бірлесе дайындаған. Зерттеуші топ құрамында ол химиялық заттардың микротолқындық сәулелендіру арқылы синтездеу жолын қарастырып, алынған өнімді физика-химиялық талдау әдістері көмегімен зерттеген. Сонымен бірге ауру қоздырғыш бактериялар мен зең саңырауқұлақтарына қарсы белсенділігін де анықтаған. Алынған антибактериалды препараттың әлемдік медицинаға тигізер пайдасы мақалада жан-жақты көрсетілген.

Айта кетейік, Scopus – бұл жаратылыстану-ғылыми және медициналық бағыттағы ғылыми еңбектер жинағына бай мұрағат. Бүгінде оның құрамында әлемдегі 22 000 басылым бар. Ал соңғы 20 жыл ішінде бұл жүйеде 40 миллоннан аса ғылыми мақала жарық көрген.

– Қазіргі заман талабына сай ғылыми зерттеу нәтижелерін осындай басылымдарда жариялау сұралады, тек осындай мақаласы бар ғалымдар ғылыми дәреже алуға диссертациясын қорғай алады немесе ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор, профессор) ала алады. Бұл оқушы үшін үлкен жетістік, – дейді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Нұрбол Аппазов.

Алдиярдың ғылымға деген қызығушылығы әкесінен дарыған. Мектеп зерттеушілік дағдыларды одан әрі дамытуға септігін тигізді. Химия ғылымымен қатар Алдияр IT саласында да үздік өнертабыстарымен ерекшеленіп жүр. Жақында ғана Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Kyzylorda Idea Battle» стартап жобалар байқауында Алдияр Аппаз сыныптасы Дінмұхаммед Абдиев екеуі жүлдегерлер қатарынан көрініп, «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолғап» жобасын дамыту үшін қаржылай сыйақыға ие болды.