NIS оқушылары әлемнің үздік университеттерінен шақыру алды

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ақерке Нұрахметова әлемге әйгілі Массачусетс технологиялық институтынан (Massachusetts Institute of Technology, MIT) шақыру алды.

Жібек жолы, Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы, Түймаада, Жәутіков секілді халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері атанған Ақеркенің қуанышында шек жоқ:

– MIT грантын иелену – өмірімдегі керемет жағдайлардың бірі. Университетке түсу процедурасы күрделі болғанымен, өте қызықты. Құжаттар тапсыруды MIT-дің өтініш беру порталы ашылған бойы бастадым және Жаңа жылдан кейін аяқтадым. Кейбір сауалдарға жауап беру қиын болғанын жасырмаймын, десе де шынайы әрі нақты болуға тырыстым.

Болашақта Акерке инженер-механик мамандығын игерумен қатар биомедициналық инженерия саласында да оқып, білім беруді жоспарлап отыр.

– Қазір бар уақытымды олимпиадалық математикадан сабақ беруге арнап жүрмін. Бұл бағыт маған ерекше ұнайды. Сондай-ақ мектептегі қыздарға Technovation-Girls жобасына қатысуға да жәрдемдесуге тырысамын. Осы жетістіктерге жетуде әрдайым қолдау көрсеткен ата-анама, ұстаздарыма, достарыма алғысымды білдіремін, – дейді Ақерке.

Ал Ақтөбедегі Зияткерлік мектеп оқушысы Дәуіт Нұрланов Шотландиядағы Эдинбург университетіне (University of Edinburgh) оқуға шақыру алды. Білім ордасы бүгінде QS World University Rankings рейтингінде 22 орында тұр.

Бұл сәттілік кездейсоқ емес, көп жылдық еңбектің нәтижесі. Оқушының IELTS және SAT халықаралық емтихандар бойынша нәтижелері осыған дәлел. Дәуіт IELTS емтиханынан 8.0 балл жинаса, оның жалпы SAT ұпайы 1550/1600, соның ішінде математикадан 800/800.

Эдинбург университетінің қолданбалы математика мамандығы Дәуітке болашақта көптеген мүмкіндіктерді уәде етеді. Ол математикалық білімді нақты мәселелерді шешуге қолдануға мүмкіндік беретін машиналық оқытуға бет бұруға ниетті.

– Қазіргі уақытта Еуропа мен Азияның бірнеше университетінен шақырулар күтіп жүрмін. Арманымдағы университеттен қанағаттанарлық жауап аламын деп үміттенемін. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қорытынды емтихан тапсыруға мүмкіндік берген мектебіме алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ математика пәні мұғалімдеріне осы ғылымға деген құштарлығымды дамытуға қосқан құнды үлесі үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді Дәуіт.

Айта кетсек, Ұлыбританияның «Russell Group» жоғары оқу орындар тобына кіретін Эдинбург университеті беделді оқу орны болып есептеледі. Ұлыбританияның барлық ғылыми гранттарының шамамен 70%-ы осы университеттер тобына тиесілі, бұл Эдинбург университетінің елдің ғылыми өміріндегі маңызды рөлін көрсетеді. Сондай-ақ бұл жоғары оқу орнының бюджеті Кембридж бен Оксфордтан кейінгі үшінші орында.