Қазақстан Тәжікстан педагогтерінің біліктілігін арттыруға көмектеседі

Елордада NIS Педагогикалық шеберлік орталығы мен Тәжікстан Республикасы білім беру саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

2025 жылы Тәжікстан алғаш рет PISA халықаралық зерттеуіне қатысуды жоспарлап отыр. Қазір олар осы маңызды оқиғаға дайындалуда. Сондықтан Тәжікстандағы білім беру және еңбек нарығы салаларына Еуропалық Одақтың қолдауы аясында бауырлас мемлекеттің өкілдері Қазақстанның оң тәжірибесін зерттеуде.

Маңызды құжатқа «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының (ПШО) директоры Жанбота Кабдыкаримова мен Тәжікстан мұғалімдерінің біліктілігін арттыру Республикалық институтының ректоры Навруз Мирзодода қол қойды.

Енді Тәжікстанның педагог-тренерлері мен әзірлеушілерін ПШО мамандары оқытады. Кездесу аясында «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервіне үміткерлерді оқыту мен қайта даярлау бойынша ақпарат берілді. Бұл тәжікстандық делегацияның ерекше қызығушылығын оятты. Өйткені екі елге де ортақ мәселе – педагог жетіспеушілігі.

– Елімізде Мемлекет басшысы білім беру мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Жаңа нысандар салынуда. Сонымен қатар, біз біліктілікті арттыру мерзімін қазіргі 5 жылдан 3 жылға өзгертуді жоспарлап отырмыз. Қазақстандық әріптестеріміздің көмегімен педагогтеріміздің дайындық деңгейін көтереміз деп сенеміз, – деді Навруз Мирзодода.

Сонымен қатар қонақтарға мектепті басқаруға арналған компьютерлік симулятор таныстырылды. Бірегей құрылғының көмегімен директорлар алдағы 6 жылдағы жағдайды 3 күнде жоспарлай алады. Айта кетейік, жиын барысында ПШО ТМД елдері арасында алғаш рет өткізетін WALS – 2024 сабақты зерттеу халықаралық конференциясына делегация өкілдерін шақырды.