Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылғанына 15 жыл!

NIS жүйесіндегі алғашқы білім ордасы, Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 15 жылдық мерейтойына орай салтанатты шара өтті. Жиынға Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов, құрметті педагог, білім беру саласының үздігі Светлана Испусинова, мектеп ұжымы, бұрынғы қызметкерлері, оқушылары мен ата-аналары, түлектері келді.

– NIS экожүйесінің тұңғышы болғандықтан, сіздерге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Зияткерлік мектептер сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Болашақта да алар асуларыңыз биік, мақсаттарыңыз айқын, қадамдарыңыз нық болсын, – деді Сабыржан Өміртайұлы құттықтау лебізінде.

Шарада өткен жылы зейнеткерлікке шыққан математик Сақып-Жамал Шайдарманова «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар ондаған NIS ұстазы құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға, естелік сыйлықтарға ие болды.

Гиннесс рекордтар кітабын бағындырған «Жігер» домбырашылар ансамблі, жетігеншілер тобы, жас бишілер мен балалар хоры, ұстаздардың ән шашуы мерейтойлық кештің сәнін келтіріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

NIS Alumni президенті, білім ұясының түлегі Жанель Сабденова сүйікті мектебін екінші үйі деп біледі:

– Жыл өткен сайын оқушылар, ұстаздар, ата-аналар, тіпті мектеп өзгерсе де, бір нәрсе сол күйі қала бермек. Мектебіміз өз түлектерін әрқашан құшақ жая қарсы алады, біздің әрбір жетістігімізге риясыз қуанады. Келген сайын үйімізге оралғандай боламыз.

Оқу ордасының тарихы мен жарқын жетістіктерін еске салған, адал еңбек пен игі қызмет ерекше еленген, сағынысып жүздескен, сан мәрте алғыс пен ақ тілектер айтылған кеш әрбір қатысушының жүрегінен орын тауып, білім кемесінің тізгінін ұстаудағы басты миссияны қайта ұғындырды.

Айта кетейік, Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS – 2009 жылы «20 Зияткерлік мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған бірінші Зияткерлік мектеп.

Бүгінде білім ошағында 1179 оқушы оқиды, жоғары кәсіби білімі бар 173 педагог қызмет етеді. Он бес жылда түлектердің саны 1500-ден асты.

2023 жылы Council of International Schools – Халықаралық мектептер кеңесінің қайта аккредиттеуінен сәтті өтіп, білім мен тәрбие беруде әлемдік бәсекеге қабілетті екенін екінші мәрте растады.

Оқу-тәрбие үдерісінің жеке тұлғаға бағытталуы, дұрыс орнатылған «оқушы – ата-ана – мектеп» қарым-қатынасы, заманауи білім беру технологиялары, академиялық адалдық, балалар денсаулығы мен әл-ауқаты басты назарға қойылғандықтан Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS-те жайлы оқу ортасы қалыптасты.