Тәрбиелік жобалар
«Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер»
Мақсаты:
Ата-бабамыздан қалған мәңгілік мұра, сарқылмас қазына, мақал-мәтелдерді жас ұрпақтың санасына сіңіру. Оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту, туған тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлт мұрасы мен құндылықтарын дәріптеу, тапқырлық пен шешендікке, мақал-мәтелдерді күнделікті өмірде пайдалануға тәрбиелеу.
Жоба ұзақмерзімді. Әр айға арналған мақал-мәтелдер тізімі белгіленеді.
№ | Ай | Мақал-мәтелдердің мазмұны |
1 | Қыркүйек | Отан, ел, жер туралы |
2 | Қазан | Достық, білім |
3 | Қараша | Мейірімділік, қамқорлық, адамгершілік, жақсылық |
4 | Желтоқсан | Еңбек туралы |
5 | Қаңтар | Мінез туралы |
6 | Ақпан | Тіл туралы |
7 | Наурыз | Отбасы, ағайын, туыстық туралы |
8 | Сәуір | Ас, тағам, нан туралы |
9 | Мамыр | Бірлік, ынтымақ туралы |
Жобаға өзінің зерттеушілік дағдысын дамытқысы келетін 1-9-сынып аралығындағы кез келген оқушы қатыса алады. Негізгі шарт – 1-6-сынып оқушылары үшін 3, 7-9-сынып оқушылары үшін 5 мақал-мәтелді жаттап, мазмұнын түсініп, күнделікті өмірде қолдана білу.
Жоба аясында бейнероликтер түсіріліп, мектеп каналдары мен YouTube каналында жарияланып отырады. Шаңырақтарда әртүрлі ойындар, жарыстар, эссе жазу және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Оқу жылының соңында жоба нәтижелері Шаңырақ қауымдастығын бағалау критерийі ретінде ескеріледі.
Мақал-мәтелдерді жаттау қазақ тіліне деген қызығушылықты арттырады, сауатты, әдеби сөйлеу дағдысын дамытуға көмектеседі. Оқушылардың таңдаған мақал-мәтелдері міндетті түрде тәрбиелік, рухани мәнге ие болуы керек. Мақал-мәтелдердің терең мазмұнын түсіну, шығу тарихын зерттеу үшін оқушылар ата-аналарымен, ата-әжелерімен бірлесіп жұмыс жасайды. Сол арқылы қазақ тілі мен қазақ халық ауыз әдебиеті мұраларының өркендеуіне өз үлестерін қосады.
Сондай-ақ жоба оқушылардың жаттаған мақал-мәтелдерін сабақ үстінде, эссе жазуда, көпшілік алдында сөйлеу барысында қолдану сынды жалпы оқу дағдылары мен қабілеттерін дамытады. Оқушылар мақал-мәтелдерді жаттап қана қоймай, күнделікті өмірде қолданады.
![]()