Жаңалықтар
Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бес жылдық мерейтойын атап өтті
Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда осыдан бес жыл бұрын Назарбаев Зияткерлік мектебі бой көтерді. Білім ордасының мерейтойына орай мектепте алғаш рет өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Ынтымақтастықтан өзгеріске: кәсіби оқу ортасын қалыптастыру арқылы мектепті тұрақты дамыту» тақырыбындағы конференция мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының өкілдерін, ғалымдар мен педагогтерді бір алаңға тоғыстырды. Қатысушылар мектепті тұрақты дамытудың тиімді тетіктерін, кәсіби ынтымақтастықты нығайту және педагогикалық тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Іс-шараны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов алғы сөзбен ашты. Пленарлық отырыста білім беру саласының сарапшысы әрі жазушы Ғабит Бекахметов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Дархан Билялов және Оксфорд университетінің PhD докторанты, NIS түлегі Меруерт Бижанова сөз сөйледі.
Конференция аясында педагогтердің кәсіби дамуына, әл-ауқаты мен көшбасшылығына, ұжымдық шешім қабылдауға және мұғалімдердің ынтымақтастығы арқылы білім сапасын арттыруға арналған секциялық отырыстар өтті. Жиын мектеп директоры Асхат Тажибаевтың модераторлығымен өткен бірлескен көшбасшылық пен ортақ жауапкершілік тақырыбындағы пікірталас сессиясымен қорытындыланды.
Бес жыл ішінде Түркістандағы Зияткерлік мектеп бірқатар маңызды жетістікке қол жеткізді. Соның бірі – Халықаралық мектептер кеңесінің (Council of International Schools, CIS) мүшесі атанып, халықаралық аккредитацияға үміткер ретінде танылуы. Сонымен қатар мектеп оқушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту, инженерлік-технологиялық білім беруді жетілдіру және педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында елеулі нәтижелер көрсетті.
Мектеп шәкірттері республикалық және халықаралық ғылыми байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Биыл республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңінде зияткерлер екі алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Infomatrix ASIA 2026 халықаралық байқауында «VISION AI» жобасы күміс жүлдеге ие болып, жоба авторлары Energo University-дің толық білім грантын иеленді. Ал 11-сынып оқушысы Алтынай Өтетілеу әлемнің 60-тан астам елінің жас зерттеушілерін біріктірген Regeneron ISEF 2026 халықаралық ғылыми байқауында өз жобасын таныстырды.
Инженерлік-технологиялық бағытта мектептің «Tengri Space» командасы 2025 жылы NASA Space Apps Challenge республикалық хакатонында бірінші орын иеленсе, жас робототехниктер Central Asia FIRST Championship 2026 жарысына жолдама алды. Сондай-ақ Kazakhstan Smart Space 2026 V халықаралық байқауында FLAI жобасы екінші орынға ие болды.
Мектептің бес жылдық даму жолында ұстаздардың кәсіби жетістіктері де айрықша орын алады. Түркістандық педагогтер «Жылдың үздік мұғалімі», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» байқауларында, IMPACT олимпиадасында және республикалық педагогикалық идеялар фестивалінде жүлдегер атанды.
Мерейтойлық бағдарлама «5 жыл: жаңа белестерге бастар жол» атты салтанатты гала-концертпен жалғасты. Кеш барысында мектептің қалыптасу тарихы мен бес жылдық жетістіктері таныстырылып, білім ордасының дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді.