Жаңалықтар
NIS пен American University of Sharjah академиялық серіктестік орнатты
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім беру бағдарламасы мен түлектеріне берілетін NIS Grade 12 Certificate сертификатын мойындайтын шетелдік жоғары оқу орындарының саны 109-ға жетті. Бұл қатарды Біріккен Араб Әмірліктеріндегі American University of Sharjah (AUS) толықтырды.
Осы орайда NIS пен AUS оқушылардың шетелде жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды. Келісімді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мен American University of Sharjah университетінің студенттерді қабылдауды басқару жөніндегі атқарушы директоры Әли Шухайми рәсімдеді.
Меморандум аясында Назарбаев Зияткерлік мектептері университеттің Sharakah халықаралық серіктестік бағдарламасына қосылады. Бұл бағдарлама оқушыларға халықаралық академиялық ортада тәжірибе жинақтауға, білімін тереңдетуге және түрлі білім беру бастамаларына қатысуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, NIS түлектері Sharakah School Scholarship стипендиясына үміткер бола алады. Стипендия оқу ақысына, зертханалық және технологиялық төлемдерге, сондай-ақ университет кампусында тұру шығындарына жеңілдіктер алуды көздейді.
Бұдан бөлек, серіктестік шеңберінде оқушыларға арналған жазғы мектептер мен тағылымдамалар өткізу, оларды университет ұйымдастыратын халықаралық байқауларға, академиялық және мәдени іс-шараларға тарту жоспарланған. Сондай-ақ AUS тарапынан NIS-тің жекелеген ғылыми, мәдени, әлеуметтік және спорттық жобаларына қолдау көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
American University of Sharjah – 1997 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде бой көтерген жоғары оқу орны. Университет QS World University Rankings 2027 халықаралық рейтингінде 258-орынға ие болса, QS Arab Region University Rankings 2026 деректеріне сәйкес, он жыл қатарынан араб әлеміндегі жоғары оқу орындарының үздік 3%-ына еніп келеді. Ал жұмыс берушілер арасындағы беделі бойынша БАӘ-де бірінші орында тұр.
Оқу орнында сәулет, өнер және дизайн, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары, инженерия және бизнесті басқару бағыттары бойынша бакалавриаттың 33, магистратураның 24 және докторантураның 8 бағдарламасы ұсынылады. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 88%-ды құрайды, ал студенттердің 66%-ы грант немесе стипендия алады. Бүгінде университетте 100-ден астам ұлт өкілі білім алады. Студенттердің жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін 100-ден астам клуб пен ұйым, сондай-ақ 33 спорттық команда жұмыс істейді.
Жаңа келісім NIS түлектеріне халықаралық білім беру кеңістігінде қосымша мүмкіндіктер ұсынып, екі ұйым арасындағы ұзақ мерзімді академиялық байланысты нығайтуға ықпал етпек.