Жаңалықтар
Құрылтай депутаттары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру тәжірибесімен танысты
Бүгін елордада Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қызметі, озық тәжірибелері және отандық білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі таныстырылды.
Кездесу Астана қаласы Нұра ауданындағы NIS-те өтті. Шараға «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев және Қазақстан Республикасы Құрылтайының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бастаған депутаттар делегациясы қатысты.
Жиын барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин ұйымның қол жеткізген нәтижелері мен алдағы даму басымдықтары туралы баяндады. Ал NIS мамандары оқу бағдарламаларын әзірлеу, білім сапасын бағалау және педагогтердің кәсіби дамуын қолдау тетіктерін таныстырды. Бұған қоса, өңірлердегі мектептермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар мен олардың нәтижелері туралы мәлімет берді.
Жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы мен Республикалық тамыз кеңесінде көтерілген маңызды мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, педагогтерді артық есептіліктен босату, жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу, инклюзивті ортаны дамыту, сондай-ақ оқушылардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, тәрбие жұмысын жетілдіру және «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бағыттары талқыланды. Сонымен қатар NIS-тің осы бағыттардағы тәжірибесін еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне тарату мүмкіндіктері қарастырылды.
– Назарбаев Зияткерлік мектептері еліміздің орта білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Мұнда педагогтерді кәсіби қолдау мен заманауи оқыту әдістерін енгізу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл тәжірибенің тек Зияткерлік мектептер аясында қалмай, еліміздің барлық мектептеріне қолжетімді болғаны маңызды. Осындай тиімді шешімдерді кеңінен қолдану жалпы білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ делегация ұйымның әдістемелік ресурстары қойылған көрмені де тамашалады. NIS Білім беру бағдарламалары орталығы, NIS Педагогикалық өлшеулер орталығы, NIS Педагогикалық шеберлік орталығы, BeyimTech және Alumni NIS өкілдері өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті.
Сапар аясында NIS оқушылары қонақтарға ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларын ұсынды. Жас зерттеушілер әзірлемелерінің ерекшеліктері мен практикалық маңызын түсіндіріп, оларды қолдану мүмкіндіктерін көрсетті. Сондай-ақ депутаттарға мектептің оқу кеңістігін аралатып, экскурсия жүргізді.