banner

Жаңалықтар

NIS оқушылары үй жағдайында оңалтуға көмектесетін құрылғы әзірледі

news
11 қараша 2026 |
32

Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Шейхислам Нұрмұхамедұлы мен Нұрсұлтан Сериков жүріп-тұруында қиындықтары бар адамдардың өздігінен қозғалуын жеңілдетуге арналған ORKEN атты ақылды экзоскелет әзірледі. Жоба оңалту орталығындағы жаттығуларды үйде жалғастыруға мүмкіндік беретін қолжетімді технология ұсынуды көздейді.

Жас өнертапқыштардың бастамасына Шейхисламның отбасындағы жағдай түрткі болған. Оның атасы аурудан кейін ұзақ уақыт оңалтуды қажет еткен. Алайда орталықтағы жаттығуларды маманның көмегінсіз жалғастыру қиынға соққан.

– Шейхислам атасының жағдайын айтып бергенде, біз оңалту орталығынан шыққан адамдарға үй жағдайында қалай көмектесуге болатынын ойладық. Өйткені қалпына келу үдерісі орталықтағы оңалту курсымен аяқталмайды. Осы мәселенің шешімін іздеп, ORKEN жобасын бастадық, – дейді Нұрсұлтан.

Оқушылар оңалту қызметтерінің қолжетімділігіне де назар аударған. Арнайы орталықтарда кезек бірнеше айға созылуы мүмкін, ал шетелдік экзоскелеттердің жоғары құны оларды кеңінен пайдалануды қиындатады. Сондықтан жас әзірлеушілер бағасы қолжетімді, жеңіл әрі күнделікті қолдануға ыңғайлы балама жасауды мақсат еткен.

ORKEN экзоскелетінің датчиктері бұлшықет белсенділігін анықтап, басқару жүйесіне сигнал береді. Адам қадам жасауға ұмтылғанда, шағын моторлар арнайы тростар арқылы аяқтың көтерілуіне көмектеседі. Құрылғы мата мен белдіктерден жасалған, ал электрондық бөліктері белге тағылатын шағын сөмкеге орналастырылған.

Оқушылар алғашқы прототипті NIS педагогтері Инна Аксенова мен Максим Рыбалкиннің жетекшілігімен әзірлеп, мектептің STEAM зертханасында тексерген. Кейін Алматы мен Тараздағы оңалту орталықтарында сынақ жүргізіп, дәрігерлердің ұсыныстары негізінде конструкциясына өзгерістер енгізген.

Қазір команда экзоскелеттің екінші нұсқасын әзірлеуде. Алдағы уақытта 10 құрылғыдан тұратын пилоттық партия шығаруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ NIS оқушыларының еңбегі стартап-байқауда да жоғары бағаланды. ORKEN жобасы Zhambyl Hub алаңында өткен Pizza Pitch байқауында 1-орын иеленді.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-