banner

Жаңалықтар

Қазақстандық оқушы халықаралық The Diana Award 2026 сыйлығының лауреаты атанды

news
19 қараша 2026 |
75

Алматы қаласы Медеу ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Вера Которова инклюзивті білім беруді дамытуға, қыздардың STEM бағытына қызығушылығын арттыруға және балалар мен жасөспірімдер үшін жаңа білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге қосқан үлесі үшін беделді халықаралық The Diana Award 2026 сыйлығына ие болды.

The Diana Award 2026 халықаралық сыйлығы әлемнің 44 елінен 198 қатысушыға берілді. Биыл Қазақстаннан бұл марапатты Вера Которова ғана алды.

The Diana Award – 1999 жылы британдық корольдік отбасының қолдауымен Диана ханшайымның құрметіне тағайындалған халықаралық сыйлық. Ол қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысып, игі бастамалары арқылы оң өзгерістерге жол ашып жүрген жастарға беріледі. Лауреаттарды тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы анықтайды.

Вераның волонтерлік жолы бес жыл бұрын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін Inclusive Academy қауымдастығынан басталды. Бүгінде ол 8 600-ден астам баланы қамтитын осы қауымдастықтың бас үйлестірушісі ретінде әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып жүр.

– Inclusive Academy қауымдастығына сыныптасымның ұсынысымен қосылдым. Бастапқыда волонтерлік бағытта өзімді сынап, өзгелерге пайдамды тигізгім келді. Кейін мектеп клубы аясында әлеуметтік жобалар ұйымдастырып, түрлі іс-шараларға белсене араластым. Мен үшін волонтерлік – қоғамға пайдалы іс атқарып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мүмкіндігі, – дейді Вера.

2024 жылы Вера мектептің математикадан олимпиадалық резервіне кіретін оқушылармен бірге Math Game Fest жобасын қолға алды. Жоба идеясы олардың командалық математикалық жарыстарға қатысу тәжірибесінен туындаған. Оқушылар математикалық тапсырмаларды қызықты ойын түрінде ұсынып, пәнге деген қызығушылықты арттыруды мақсат еткен.

Вераның тағы бір маңызды бастамасы – өзі негізін қалаушылардың бірі болған Girls Go FIRST жобасы. Ол Орталық Азиядағы қыздардың ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салаларында дамуына қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба аясындағы іс-шараларға осы уақытқа дейін 2 800-ден астам адам қатысып, 53 спикер өз тәжірибесін бөлісті. Команда Алматы, Астана және Бішкек қалаларында білім беру форумдарын, шеберлік сабақтарын және робототехника жарыстарын ұйымдастырды. Сондай-ақ 65 тәлімгердің қатысуымен халықаралық тәлімгерлік бағдарламаны іске қосты.

Қоғамдық қызметімен қатар Вера математикаға да ерекше ден қояды. Биыл ол сәуір айында Францияда өткен қыздарға арналған Еуропалық математика олимпиадасында (European Girls’ Mathematical Olympiad) қола медаль жеңіп алды.


Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-