banner

Жаңалықтар

Қазақстандық жас зерттеушілер iGEM байқауында екінші мәрте алтыннан алқа тақты

news
18 қараша 2026 |
48

NIS–Kazakhstan командасы Парижде өткен беделді iGEM Grand Jamboree халықаралық байқауында екінші мәрте алтын медаль иеленіп, қазақстандық жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін әлемдік деңгейде тағы да танытты. Бұл жолы оқушылар химиотерапияның қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ChemoGuard ғылыми жобасын ұсынды. Әзірлеме мектеп оқушыларына арналған High School Division санатында таныстырылды.

Биыл NIS–Kazakhstan командасының құрамына 25 оқушы бірікті. Команданың негізін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, атап айтқанда, Шымкент қаласының Қаратау және Абай аудандарындағы NIS пен Астанадағы NIS IB оқушылары құрады. Сондай-ақ қатарға өзге орта мектептердің шәкірттері де қосылды.

ChemoGuard жобасы химиотерапияда қолданылатын 5-фторурацил мен капецитабин сияқты дәрілердің қауіпті жанама әсерлерін емдеу басталғанға дейін бағалауға бағытталған. Оқушылар осы препараттардың ағзада ыдырауына көмектесетін ферменттің түзілуіне жауапты DPYD генін зерттеген. Гендегі белгілі бір өзгерістер дәрілердің ағзада баяу ыдырауына әкеліп, денсаулыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін.

Зерттеу барысында жас оқушылар DPYD геніндегі жеті маңызды өзгерісті анықтау тәсілін зертханалық жағдайда сынады. Жүргізілген 66 тәжірибенің барлығында күтілген белгі тіркеліп, жеті бақылау сынағында мұндай белгі байқалмаған. Бұл нәтижелер таңдалған әдістің зертханалық жағдайда жұмыс істейтінін көрсетті.

Алдағы уақытта команда осы зерттеудің негізінде генетикалық өзгерістерді анықтауға арналған бағасы қолжетімді тест әзірлеуді жоспарлап отыр. Оқушылар бұл әзірлеме болашақта дәрі-дәрмек мөлшерін әр науқасқа жеке таңдауға немесе балама емдеу тәсілдерін қарастыруға септігін тигізеді деп үміттенеді.

Шәкірттердің ғылыми жұмысына NIS-тің биология пәні мұғалімі Жанна Утебаева мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, Ұлттық биотехнология орталығының қызметкері Сымбат Әлімбек жетекшілік етті.

Еске салсақ, бұл NIS–Kazakhstan командасының iGEM байқауындағы алғашқы жетістігі емес. 2023 жылы оқушылар алтын медаль иеленсе, 2025 жылы күміс жүлдеге қол жеткізген еді.

Айта кетейік, iGEM Grand Jamboree – синтетикалық биология саласындағы әлемдегі ең ірі халықаралық ғылыми байқаулардың бірі. Биыл жарысқа 50-ден астам ел мен өңірден 400-ден аса команда қатысып, ғылыми зерттеулері мен инновациялық шешімдерін халықаралық сарапшыларға таныстырды.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-