Жаңалықтар
NIS-тің ата-аналар кеңесі жаңа оқу жылына арналған басым бағыттарды айқындады
Астанада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозиннің қатысуымен Республикалық ата-аналар кеңесінің VI отырысы өтті. Еліміздің әр өңірінен жиналған ата-аналар қауымдастығының өкілдері бала тәрбиесі, қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Жиында Әнуар Жанғозин Назарбаев Зияткерлік мектептердің негізгі жетістіктері мен халықаралық зерттеулердің нәтижелерін таныстырып, «Адал азамат» құндылықтары негізінде оқушыларды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ ата-аналардың мектеп өміріне белсенді араласуы мен балалардың білім алуы және дамуы үшін қолайлы орта қалыптастырудағы бірлескен жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Отырыстың маңызды бөлігінің бірі ата-аналардың өзара тәжірибе алмасуына арналды. Тараздағы NIS өкілі Гүлмира Есжанова «Заң және тәртіп» бастамасы аясында балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтерді. Ал Талдықорғанадағы NIS өкілі Мәншүк Тілеухан балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру жолдарымен бөлісті. Семейлік NIS өкілі Нұргүл Мезибаева мектепте смартфон қолдануды шектеу мәселесіне назар аударды.
Сонымен қатар қатысушылар Кеңестің атқарған жұмысы туралы есепті тыңдап, 2026–2027 оқу жылына арналған қызмет жоспарын талқылады. Отырыс барысында ата-аналар кеңесінің жаңа төрағасы сайланды. Бұл міндет Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілі Гүлмира Есжановаға жүктелді. Кездесуде ата-аналарды толғандырған мәселелер ашық талқыланып, алдағы жұмысқа қатысты ұсыныстар ортаға салынды.
Жиын аясында Балалардың әл-ауқаты департаментінің ұйымдастыруымен «Біз біргеміз» атты командалық тренинг өтті. Қатысушылар өзара жақынырақ танысып, бірлескен жұмыс пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тапсырмаларды орындады.
Бағдарлама Астана қаласының Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған алғашқы желілік Әкелер форумымен жалғаспақ. Форумда әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, отбасылық құндылықтарды сақтау және мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланады.