banner

Жаңалықтар

NIS-ті АҚШ пен Италияның тағы төрт университеті мойындады

news
06 қараша 2026 |
80

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім беру бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate құжатын танитын шетелдік жоғары оқу орындарының қатары тағы төрт университетпен толықты. Тізімге АҚШ-тағы Villanova University және Италияның Sapienza Università di Roma, University of Catania, University of Camerino енді.

Бұл NIS түлектеріне Foundation дайындық бағдарламасынан өтпей, бакалавриаттың бірінші курсына тікелей түсуге жол ашады.

Италия астанасында орналасқан Sapienza Università di Roma 1303 жылы негізі қаланған, Римдегі ең көне әрі Еуропадағы ең ірі университеттердің бірі. QS World University Rankings 2027 рейтингінде әлем бойынша 111-орынға ие болған оқу орны CWUR 2026 нәтижесінде Италияның үздік университеті атанды. Sapienza бұл рейтингтегі көшбасшылығын 15 жыл қатарынан сақтап келеді. Мұнда медицина, инженерия, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, экономика мен құқық салаларында білім алуға болады.

АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Villanova University 1842 жылы құрылған. Жекеменшік зерттеу университеті U.S. News & World Report басылымының 2026 жылғы рейтингінде елдің ұлттық университеттері арасында 57-орын алды. Құрамындағы алты академиялық мектеп пен колледжде бизнес, инженерия, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары, құқық пен мейіргер ісі бойынша мамандар даярланады. Университет NIS түлектерін Foundation дайындық бағдарламасынсыз бакалавриатқа қабылдау мүмкіндігін ұсынып қана қоймай, оларды ағылшын тілін меңгеру деңгейін растайтын емтихан тапсыру талабынан босату мүмкіндігін де қарастырады.

Италияның Катания қаласындағы University of Catania 1434 жылы құрылған және Сицилиядағы ең көне университет саналады. Медицина, инженерия, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, экономика мен құқық бағыттарын қамтитын оқу орнында халықаралық академиялық байланыстарға да ерекше көңіл бөлінеді.

Ал Камерино қаласында орналасқан University of Camerino (UNICAM) тарихы 1336 жылдан басталады. Жеті ғасырға таяу академиялық дәстүрі бар университет бес мектепті біріктіреді. Мұнда жаратылыстану ғылымдары, фармация, биотехнология, инженерия, сәулет және құқық салалары бойынша білім беріледі.

Осы төрт университеттің қосылуымен NIS-Programme мен NIS Grade 12 Certificate құжатын танитын шетелдік жоғары оқу орындарының саны 108-ге жетті. Сонымен қатар аталған бағдарлама мен сертификатты Қазақстанның 26 университеті және 10 халықаралық ұйым ресми түрде мойындайды.

Бөлісу: