Жаңалықтар
Астанада NIS/SHARE жобасының үйлестірушілеріне арналған тренинг өтті
Астана қаласының Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқыту тәжірибесін зерттеу тәсілдерін дамытуға және мектептер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған NIS/SHARE жобасы үйлестірушілерен арналған тренингі өтті. Бұл – үш жылға жоспарланған жобаның қорытынды кезеңіндегі алғашқы оқыту іс-шарасы.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2024 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан NIS/SHARE жобасы еліміздегі 38 мектепті қамтиды. Оның негізінде мұғалімдерге өз тәжірибесін зерделеуге, оқыту барысында туындайтын мәселелердің шешімін табуға және тиімді әдістерді қолдануға мүмкіндік беретін Action Research тәсілі жатыр. Жобаға Ұлыбританиядан келген халықаралық тренерлер сарапшылық қолдау көрсетуде.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин жобаның педагогтердің кәсіби дамуына және мектептер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосатын үлесін атап өтті.
– Педагогикалық тәжірибені зерттеу – жүйелілік пен сабақтастықты талап ететін ұзақ мерзімді процесс. Жақында өткен халықаралық NIS конференциясында Энди Харгривз атап өткендей, мұғалімдік қызмет ғылым, өнер және шеберлік деген үш құрамдас бөліктен тұрады. Action Research тәсілі осы үшеуін өзара ұштастырады. NIS/SHARE жобасының аяқталуы зерттеу жұмыстарының тоқтайтынын білдірмейді. Біз зерттеушілік тәсіл мұғалімдердің күнделікті тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін мектептер мен педагогтерге қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді Әнуар Жанғозин.
Тренинг бағдарламасы үйлестірушілердің тәжірибесі мен міндеттерін ескере отырып, екі топқа арналып әзірленді. Бірінші топ қатысушылары жобаның екінші кезеңіндегі жұмыс нәтижелерін қорытындылап, зерттеу материалдарын, нақты жағдайларға негізделген мысалдар мен бейнематериалдарды талдады. Сондай-ақ педагогикалық көшбасшылық мәселелерін қарастырып, екінші топ үйлестірушілері мен мұғалімдерге арналған әдістемелік материалдар әзірледі. Бұдан бөлек, биылғы оқу жылында серіктес мектептермен жүргізілетін жұмыстың алдағы міндеттерін айқындады.
Екінші топ үйлестірушілері серіктес мектептермен жұмысты бастауға дайындалды. Олар фокус-топтар өткізу, сабақтарды бақылау және оқу процесін зерделеу әдістерін меңгерді. Бұл тәсілдер педагогикалық тәжірибедегі өзекті мәселелерді анықтауға, оқыту процесін жан-жақты талдауға және мұғалімдердің зерттеу жүргізуіне әдістемелік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Тренингтің бір күні екі топтың бірлескен жұмысына арналды. Қатысушылар жоба аясында жинақталған тәжірибені жүйелеу, әзірленген әдістемелік құралдарды мектеп тәжірибесіне енгізу және жоба аяқталғаннан кейін де оларды тиімді пайдалану жолдарын талқылады.
Қатысушылар мұғалімдер арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың нығайғанын да атап өтті. Жобаның алғашқы кезеңінде зерттеу сұрақтарын тұжырымдаудың өзі қиындық тудырса, бүгінде педагогтер мектеп тәжірибесіндегі мәселелерді ашық талқылап, өзара тәжірибе алмасып, олардың шешімін бірлесіп іздеуге дағдыланған. Олардың айтуынша, жобаның түпкілікті нәтижелерін бағалауға әлі ерте болғанымен, педагогикалық ұжымдар арасындағы ынтымақтастықтың нығайғаны қазірдің өзінде байқалады. Бұл бастаманың өзектілігін және қолға алынған жұмысты жалғастырудың маңызын көрсетеді.
NIS/SHARE жобасының үшінші, қорытынды кезеңінде серіктес мектептермен ынтымақтастықты дамытуға, әзірленген әдістемелік құралдарды кеңінен таратуға және зерттеу тәсілдерін күнделікті оқыту процесіне енгізуге басымдық беріледі. Жобаның түпкі мақсаты – педагогтердің өз тәжірибесін жүйелі түрде зерттеп, оның нәтижелерін білім сапасын арттыруға қолдануын тұрақты кәсіби тәжірибеге айналдыру.