banner

Жаңалықтар

NIS оқушысының экологиялық жобасы Қытайдағы байқауда жүлделі болды

news
23 қараша 2026 |
14

Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Зарина Сегизбаева Қытайдың Сиань қаласында өткен ISETS-ESCAP Youth Voice Competition on Energy Transition халықаралық байқауының әлемдік финалында екінші орынды иеленді. Жас зерттеуші халықаралық сарапшыларға тағам қалдықтарынан ауыл шаруашылығына пайдалы тыңайтқыш өндіруге бағытталған EcoBone/Hydrophos+ жобасын таныстырды.

Биыл байқаудың іріктеу кезеңіне Еуропа, Азия, Америка және Африка құрлықтарындағы елдерден 83 жоба ұсынылып, олардың тек тоғызы ғана әлемдік финалға жолдама алды. Үздік тоғыздықтың қатарына Заринаның ғылыми әзірлемесі де енді. Қазақстандық оқушы Орталық және Батыс Азия елдері арасындағы іріктеуде бірінші орын алып, осы аймақтан финалға өткен жалғыз қатысушы атанды. Қытайдағы шешуші кезеңде екінші орынды иеленіп, өңірлік жеңісін әлемдік деңгейдегі жетістікпен толықтырды.

Заринаның EcoBone/Hydrophos+ жобасы тағам қалдығы ретінде тасталатын жануарлар сүйектерін қайта өңдеп, ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш өндіруге бағытталған. Жас зерттеуші сүйек құрамындағы өсімдіктердің өсуі мен дамуына маңызды фосфор мен кальцийді тиімді пайдалану тәсілін ұсынды.

Зерттеу барысында Зарина тауық сүйектерін жинап, тазартып, термиялық өңдеуден өткізген. Кейін оларды ұнтақтап, минералдарға бай сүйек ұнын дайындаған. Алынған өнімнің қасиеттерін жақсарту үшін лимон қышқылы мен ксантан камедін қолданған. Лимон қышқылы минералдардың өсімдіктерге сіңуін жеңілдетуге, ал ксантан камеді тыңайтқыштың ылғал сақтау қабілетін арттыруға арналған. Осылайша, жас зерттеуші тағам қалдықтарын қайта өңдеуге негізделген тыңайтқыш құрамын әзірледі.

Жобаның маңызы тек қалдықтарды кәдеге жаратумен шектелмейді. Зарина ауыл шаруашылығында қоректік заттарды тиімді пайдалану және олардың қоршаған ортаға шамадан тыс таралуын азайту мәселелеріне де назар аударған. Атап айтқанда, тыңайтқыш құрамындағы фосфордың су айдындарына артық түсуі экологиялық тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Сондықтан әзірлеме ауыл шаруашылығына пайдалы өнім алумен қатар, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтудың мүмкін жолдарын қарастырады.

Байқаудың әлемдік финалы Қытайдың Сиань қаласында Тұрақты даму үшін энергетика жөніндегі XV халықаралық форум аясында өтті. Финалистер өздерінің ғылыми және технологиялық жобаларын халықаралық сарапшылар алдында қорғап, тұрақты даму мен экологиялық мәселелерді шешуге арналған инновациялық идеяларын ұсынды.

ISETS-ESCAP Youth Voice on Energy Transition – жастардың тұрақты энергетика, жасыл технологиялар және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамаларын қолдауға бағытталған халықаралық байқау. Оны Энергетикалық ауысу мәселелерін зерттеу жөніндегі халықаралық қоғам (ISETS) мен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы бірлесіп ұйымдастырады.

Заринаның халықаралық жетістігі мектеп қабырғасындағы ғылыми ізденістің әлемдік деңгейде жоғары бағаланатынын көрсетіп, қазақстандық жас зерттеушілердің тың идеялары мен ғылыми әлеуетін тағы бір мәрте айқындады.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-