Жаңалықтар
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде алғаш рет желілік Әкелер форумы өтті
Бала тәрбиесіндегі әкенің орны қандай? Әке мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалай нығайтуға болады? Отбасы мен мектептің өзара байланысын күшейтудің қандай жолдары бар? Осы және өзге де маңызды мәселелер бүгін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің алғашқы желілік Әкелер форумында талқыланды.
NIS тарихында алғаш рет ұйымдастырылған жиынға еліміздің әр өңіріндегі мектептерден 25 өкіл қатысты. Басқосу әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және мектеп пен ата-ана арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталды.
Форумның ашылуында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин әкелердің бала өміріне белсенді қатысуының маңызына тоқталып, халықаралық және қазақстандық зерттеулердің нәтижелерімен, сондай-ақ Зияткерлік мектептердегі әкелердің қоғамдық белсенділігіне қатысты деректермен бөлісті.
– Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2024 жылғы зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 82,7%-ы бала тәрбиесіне әке мен ана тең дәрежеде қатысуы тиіс деп есептейді. Алайда сауалнамаға қатысқандардың 50,6%-ы ғана өз отбасында ата-ананың екеуі де тәрбиеге атсалысатынын айтқан. Ал 31,2%-ының отбасында бала тәрбиесімен негізінен анасы айналысады. Бұл деректер қоғамдағы көзқарас пен күнделікті тәжірибе арасында алшақтық бар екенін көрсетеді. Сондықтан әкелердің бала өміріне белсенді араласуына жағдай жасау, олардың мектеппен байланысын нығайту – ортақ міндетіміз, – деді Әнуар Жанғозин.
Форумның негізгі бөлімінде қатысушылар ұлттық құндылықтардың бала тәрбиесіндегі орны, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас және эмоционалдық қолдау мәселелерін талқылады.
«Ер қанаты» жобасының авторы, NIS Астана-Нұра өкілі Әділ Орынбасарұлы «Әке мен бала – бірге басқан қадам» тақырыбында сөз сөйлеп, бірлескен іс-әрекеттің әке мен бала арасындағы байланысты нығайтудағы рөліне тоқталды. Ол баланың тұлғалық қалыптасуында әкенің белсенді қатысуы мен өзара сенімге негізделген қарым-қатынастың маңызын атап өтті.
Ал NIS Талдықорған өкілі Дәнеш Байболатов ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарының ұрпақ сабақтастығын сақтаудағы маңызын кеңінен қозғады. Ол әке өнегесінің жас ұрпақтың бойына жауапкершілік, адамгершілік және ұлттық құндылықтарды сіңірудегі орнына назар аударды.
Сонымен қатар NIS Астана-Нұра педагог-психологтері «Әке болу өнері: жақындық, сенім және эмоционалдық қолдау» тақырыбында практикалық сессия өткізіп, баламен сенімді қарым-қатынас орнату және оның эмоционалдық қажеттіліктерін түсіну жолдарын қарастырды.
Айта кетейік, бүгінде Зияткерлік мектептерде әкелерді тәрбие жұмысына тартудың оң тәжірибесі қалыптасқан. Өңірлерде ұйымдастырылған әкелер форумдарына 1000-нан астам адам қатысып, оқушыларға шеберлік сабақтарын өткізуге, кәсіби бағдар беруге, спорттық және экологиялық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысқан.
Алғашқы желілік Әкелер форумы мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа бастама болды. Алдағы уақытта әкелер кеңестерінің қызметін кеңейтіп, оларды тәлімгерлікке, бірлескен жобаларға және жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына белсенді тарту көзделіп отыр.