Жаңалықтар
NIS оқушылары мұнай төгінділерін тазартуға арналған кешенді жүйе әзірледі
Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Лука Долидзе мен Андрей Лучер су бетіндегі мұнай төгінділерін анықтап, тазартуға арналған OilX экологиялық жобасын жасады.
Жас өнертапқыштар өз жүйесінде жасанды интеллектіні, дрондарды және өсімдік қалдықтарынан алынған арнайы материалды біріктірген. Камера және GPS құрылғысымен жабдықталған дрон су бетін бақылап, жасанды интеллектінің көмегімен мұнай дақтарын анықтайды. Жүйе олардың орналасқан жерін, аумағын және ластану деңгейін талдайды. Одан кейін дрон мұнай төгілген аумаққа EcoSorb сорбентін жеткізіп, су бетіне шашады.
– Біз EcoSorb сорбентін жасау үшін ағаш бұтақтары мен жапырақтардан алынған биокөмірді пайдаландық. Оған целлюлоза, перлит және суды тебетін балауыз қосып, мұнай өнімдерін сіңіруге арналған материал әзірледік, – дейді оқушылар.
Пайдаланылған сорбентті қайта өңдеу жолы да қарастырылған. Мұнай сіңген материалды жинап, пиролиз әдісімен, яғни оттегі шектеулі ортада жоғары температурада өңдеу жоспарланған. Бұл тәсіл қалдықты бірден тастамай, қайта кәдеге жаратуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ OilX жобасы су сапасын бақылауға арналған веб-платформаны да қамтиды. Оның көмегімен судың қышқылдық деңгейін, лайлылығын және еріген заттардың жалпы мөлшерін қадағалау, дрондарды басқару және есептер дайындау көзделген.
Айта кетейік, NIS оқушыларының бастамасы облыста өткен бизнес-идеялар байқауында жоғары бағаланды. Лука мен Андрей экология бағыты бойынша жеңімпаз атанып, стартапты одан әрі дамытуға 1 миллион теңгелік сертификатқа ие болды.