Жаңалықтар
NIS оқушылары Грузиядағы өнер фестивалінде жеңімпаз атанды
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан құралған «Ғажайып» би ансамблі Грузияның Кобулети қаласында өткен GEORGIA ART FEST 2026 халықаралық фестиваль-байқауында Гран-при иеленді.
Байқау «Кавказ» халықаралық фестивалі аясында ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Грузия, Абхазия, Словакия, Польша, Ресей, Болгария және Чехия елдерінен келген 150-ге жуық ансамбль қатысты.
Халықаралық өнер додасында «Ғажайып» би ансамблі «Рухты жастың жігері» және «Жорға» билерін ұсынып, жоғары орындаушылық шеберлігімен, сахналық мәдениетімен және ұлттық өнерді дәріптеудегі ерекше мәнерімен көзге түсті. Қазылар алқасының бағалау қорытындысы бойынша ұжым байқаудың бас жүлдесіне лайық деп танылды.
Айта кетейік, 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ғажайып» би ансамблі – Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытып, ұлттық би мәдениетін дәріптеп жүрген белсенді ұжым. Ансамбльге педагогика ғылымдарының магистрі, ҚР «Өнер саласының үздігі», «Мәдениет майталманы», «Алаш ұстазы» төсбелгілерінің иегері Аслан Тлеугалиев жетекшілік етеді. Бүгінде жас өнерпаздар халықаралық және республикалық байқауларда 20-дан астам бас жүлде иеленген.