
Жаңалықтар
Мектеп буфетінен бастап Michelin жұлдызына дейін: NIS түлегі Балнұр Амангелдінің табыс жолы

23 шілде 2025
Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Балнұр Амангелді Париждегі беделді Le Cordon Bleu аспаздық мектебін табысты аяқтап, Michelin жұлдызды мейрамханада кәсіби тағылымдамадан өтті.
Балнұрдың жоғары аспаздық әлеміне жолы мектеп қабырғасында басталған. Карантин кезінде ол тапсырыспен десерт дайындаумен айналысса, дәстүрлі оқу форматына қайта көшкен соң, мектеп буфетінде шағын жоба іске асыруды ұсынған.
– Мен директорға идея, бизнес-жоспар және зор ықыласпен бардым. Санитарлық тексеруден өтіп, барлық қажетті құжаттарды рәсімдеген соң, әр таң сайын сағат төртте тұрып, оқушылар мен мұғалімдерге арналған жаңа піскен тәттілер дайындауды бастадым, – дейді Балнұр.
Түскен табыстың бәрін Балнұр балалар үйіне аударған. Оның айтуынша, бұл шешім – кәсіби жолындағы маңызды қадам болған.
Мектептен кейін ол әлемге әйгілі Le Cordon Bleu Paris аспаздық академиясына оқуға түседі. Оқу үдерісі мейрамханалық тәртіпке негізделіп, теория мен тәжірибе қатар жүреді. Балнұр тағылымдаманы Michelin жұлдызды Ze Kitchen Galerie мейрамханасында, аспаз Уильям Ледё жетекшілігімен өткізген. Шеф-аспаз оның кәсіби дамуына үлкен ықпал еткен.
– Ол маған гастрономия – эмоция тілі екенін ұқтырды. Бұл жай ғана техника емес, дәм арқылы өзіңді жеткізудің бір жолы, – дейді Балнұр Амангелді.
Қазір Балнұр Францияда кәсіби жолын жалғастырып жатыр. Алайда болашақ жоспарын отанымен байланыстырады. Ол Астанада авторлық кондитерлік кафе ашқысы келеді. Жоба аясында француз аспаздық техникасын қазақтың дәмі мен өмір салтына бейімдеуді көздейді.
– Басты мақсатым – өнімдеріміздің табиғи болмысын сақтау және оларды жаңа қырынан таныту. Дәстүрге құрметпен қарап, заманауи тәсілмен ұсынғым келеді. Мысалы, мен тұзды мен тәттінің үйлесімін жақсы көремін: айран мен балдан дайындалған крем қосылған жылы чак-чак – қарапайым, бірақ жүрекке жақын дәм. Біздің елде дәм де, өнім де өте бай, – дейді ол.
Жақсы мейрамханада жұмыс істеуді армандайтын қазақстандық жас аспаздарға Балнұр нақты мақсат қоюды, жоғары қарқынға дайын болуды және бастамашыл болудан қорықпауға кеңес береді.
– Ең бастысы – өзіңізге “неге осы жолды таңдадым?” деген сұраққа шынайы жауап беру. Бұл – оңай жол емес, бірақ ішкі мотивация болса, бәрі де мүмкін.
Балнұр Амангелдінің оқиғасы тек гастрономия жайында емес. Бұл – үлкен арманның іргетасы кішкентай қадамдардан қаланатынын көрсететін шынайы оқиға.