Жаңалықтар
Ауыл мұғалімдері Жапонияда өткен WALS конференциясында қазақстандық білімнің әлеуетін көрсетті
12 қараша 2025
Жапонияның Хиросима қаласында өткен World Association of Lesson Studies (WALS-2025) халықаралық конференциясында алғаш рет ауылдық тірек мектептерінің мұғалімдері өз тәжірибесін таныстырды.
Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан барған 14 педагог Lesson Study тәсілін ауыл мектептерінде енгізу мен дамыту бойынша жүргізген зерттеу жұмыстарын ұсынды.
Мұғалімдердің халықаралық деңгейге шығуына «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының жүйелі әдістемелік қолдауы мүмкіндік берді. Аталған орталық Қазақстан атынан Lesson Study дүниежүзілік қауымдастығында өкілдік етеді.
Жалпы конференция бағдарламасына қазақстандық педагогтердің 249 баяндамасы енгізілді. Бұл көрсеткіш қатысушы елдер ішіндегі ең жоғары нәтижелердің бірі саналады. Оның ішінде 85 баяндама Зияткерлік мектептердің мұғалімдеріне, ал 13 зерттеу NIS Педагогикалық шеберлік орталығының сарапшыларына тиесілі.
Айта кетейік, NIS Педагогикалық шеберлік орталығы 2012 жылдан бастап Lesson Study тәсілін қазақстандық мектептердің тәжірибесіне жүйелі түрде енгізіп келеді. Орталық жыл сайын мұғалімдер мен зерттеушілерді біріктіретін өңірлік және ұлттық конференциялар өткізіп, оқыту сапасын арттыруға бағытталған зерттеулер жүргізіп отыр.